Қытайдағы көрмеде «Алтын адамды» күніне 12 мыңға жуық адам тамашалады

«Алтын адамды» күніне 12 мыңға жуық адам тамашалады. Қытайдың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласында ашылған «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнердің жауһарлары» атты көрме аяқталды. Экспозицияға «Алтын адам» ғана емес, Есік қорғанынан табылған руникалық жазуы бар күміс ыдыс, біздің заманымызға дейін V-IV ғасырларда соғылған екі барыс бейнеленген белдік, XV ғасырдың басында жасалған бірегей зергерлік бұйымдар қойылған.

ВЭНЬ ЦЗЮНЬ, ШЭНЬСИ ПРОВИНЦИЯСЫ МУЗЕЙІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл - Қазақстанның Ұлттық музейімен бірлесе Қытайда ашқан алғашқы көрмеміз. Бұған дейін ЭКСПО барысында Терракот әскерінің көрмесі астаналықтарды қуантқан болтын. Оған қызығушылық жоғары болды. Қытайлықтар Алтын адам көрмесін тамашалап, қазақтың ежелгі мұрасына тәнті болды. Музейлер арасында екіжақты байланысты одан әрі нығайтпақпыз.  

Сиань қаласындағы музей кешенінің аумағы 65 мың шаршы метр. Мұнда 300 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Ежелгі заманнан бастап, Шэньси провинциясының бүгініне дейінгі мәлімет бар. Бұл музейге күн сайын келетін туристердің қарасы қалың. Олар қазақстандық көрмеге соқпай кетпейді.

- Көрмені тамашаладым. Әшекей бұйымдар, әсіресе, білезіктер ұнады. Олардың орындалу шеберлігі таң қалдырады. Қазақстан жайлы бұған дейін тек кітаптардан оқыған болатынмын.  Енді көрме арқылы жақынырақ таныстым, толығырақ ақпарат алдым.

Бұдан соң «Алтын адам» Әзербайжан, Польша және Оңтүстік Кореяның Ұлттық музейлерінде көрсетілетін болады. Ал 2019 жылы жобаның арқасында Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания мен Түркия елдерінің тұрғындары Ұлы дала мұрасымен таныспақ. 2020 жылы мұндай мүмкіндікке АҚШ, Италия, Австрия, Франция мен Германиядағы өнерсүйер қауым ие болады.