Қазақстандықтар әлемге әйгілі «Фриндж» фестивалінен олжалы оралды

Қазақстандық өнерпаздар Эдинбургте әлемге әйгілі «Фриндж» фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. «Өзеннің арғы бетінде» моно-спектаклі талғамы жоғары шетелдік сыншыларды таңдай қақтырған. Қойылым режиссері Татьяна Ким мен актер Анатолий Огай «Инновация» аталымы бойынша марапатталды. Монодраманы жазған калифорниялық өнер институтының түлегі - Анатолий Огай. Қойылымдағы бас және жалғыз рөлді де автордың өзі сомдайды. Спектакльде корей ұлты өкілінің ауыр тағдыры баяндалады. Ол 1937 жылы мыңдаған жерлестері секілді Қиыр Шығыс шекарасы аймағынан Қазақстан және Орталық Азияға еркінен тыс көшіріліп, кейін екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан .

АНАТОЛИЙ ОГАЙ, СПЕКТАКЛЬ АВТОРЫ, АКТЕР

- Спектакльде оның сұрапыл 43-ші  жылы бастан кешкен оқиғалары бейнеленген.

Көрермендердің оқиға желісіне деген қызығушылығы артқан. Жоба авторының айтуынша, олар Қазақстанның қиын тарихи кезеңдері туралы мағлұмат алып, бейбітшілік мекеніне айналған бүгіні туралы білгісі келген.

ТАТЬЯНА КИМ, РЕЖИССЕР:

- Бізде дастархан басында 10 адам отырып, олардың әрқайсысы әртүрлі ұлт өкілі болуы мүмкін. Сосын біз барлығымыз бір тілде сөйлейміз. Сондықтан да шетелдіктер үшін бұл таң қаларлық жағдай.

Айта кетерлігі, осы күзде қойылым АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтетін «United Solo» дүниежүзілік ірі моноспектакльдер қойылымына жол тартпақ. Шығарма авторлары оның бұл жолы да табысты болатынына сенімді.