Қазақстандық дизайнерлер Грузиядағы сән апталығына қатысты

Қазақстандық дизайнерлер Грузияда өткен «Adjara Fashion Week-2018» сән апталығына қатысты. Батуми курорттық қаласындағы шарада 20 сән шебері жұртшылықты өз топтамаларымен таныстырды. Апталықта атақты дизайнерлермен қатар, жас сәнгерлер де өз туындыларын ұсынды. Көрсетілімді тамашалауға байерлер, танымал блогерлер мен сыншылар келген. Көз жауын алатын түрлі-түсті әрі ерекше киім үлгілері көптің көңілінен шықты. Сонымен қатар Батумидегі көрікті орындар да сән апталығының шырайын ашуға септігін тигізген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жас мамандардың еңбектерімен танысып, сәнгерлер арасындағы қатынасты нығайту.

МАНАНА ГОГЛИЧИДЗЕ, ГРУЗИЯДАҒЫ СӘН ЖӘНЕ ДИЗАЙН АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Сән апталығы осымен төртінші маусым өтуде. Шараға қатысқан 16 дизайнердің алтауы шетелдік кутюрье болса, сегізі Батумиден, ал қалғандары Кутаиси мен Тбилисиден келгендер. Биылғы жылы Жібек жолы елдерінен қатысушылар бар. Тақырып еркін болды. Мен «Әйел адамның хромосомасы» атты топтамамды шығардым. Көйлектер нәзік, әрі ұзын.

Қазақстаннан келген дизайнерлердің жұмысы да жақсы әсер қалдырды. Әйел болмысына ерекше нәзіктік беретін киім үлгілері көптің көңілінен шықты.

АЛЕКСАНДР ЛИ, ҚАЗАҚСТАННАН КЕЛГЕН ДИЗАЙНЕР:

- Бұл топтама грузин әйелдеріне арналған. Өткен жылы «Аджар фэшн» апталығына қатысқанда грузин әйелдерінің киіміне аса назар аударған едім. Сондықтан болар биыл таңдауымыз қара түске түсті. Топтама жеңіл матадан тігілген соң өзіндік әсемдік беріп тұр. Жаңа үлгіде грек стилі де, қазақстандық стиль де байқалады. Бұған қоса біз ұлттық нақышты да назардан тыс қалдырмауға тырыстық. 

ЮСОН БЕРДЗИБАЙ, АДЖАРИЯДАҒЫ СӘН АПТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨКІЛІ:

- Осы жолы көрсетілген жаңа топтама басқаларына қарағанда ерекше ұнады. Көптеген дарынды мамандар өз өнерлерімен көзге түсті. Биыл Қазақстандық дизайнерлердің үлгілерін көрсететін модельдер де келді.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, сәнгерлердің туындылары талғампаз әрі сәнқой қыз-келіншектермен қатар, халықаралық байерлердің қызығушылығын тудырып отыр. Алдағы уақытта көрмеге қатысқан мамандар бізге жаңа, тіпті бірлескен жобаларын ұсынады деп үміттенеміз.