«Балалар Еуровидениесі – 2018» ұлттық іріктеуінің қазылар алқасы

Қазақстандық орындаушылар «Балалар Еуровидениесі – 2018» ән байқауына дайындық үстінде. Еске салсақ, ұлттық іріктеуден ең үздігін қазылар алқасы анықтайды. Төрешілер құрамында танымал орындаушылар мен продюсерлер бар.

ЕРЛАН ИГИСИНОВ, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазылар алқасының құрамында шын мәнінде мықты продюсерлер бар, соның бірі Ринат Гайсин. Ол тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, сырт елдерге де кең танымал. Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан да белгілі әншілер, өз көзқарастары қалыптасқан және ең бастысы олар белгілі бір байқауларға қатысқан және олардың қалай өтетінін біледі. Сондай-ақ, қазылар алқасының тағы бір мүшесі - «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Алан Әжібаев. Бұл байқаудың барынша әділ өтуі үшін жасалды. Себебі байқаудың ұйымдастырушылары мен негізгі таратушылары біз.

Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында халық артисі Роза Рымбаева, продюсер Бағым Мұхитденова, әнші Мадина Сәдуақасова бар. Еске салсақ, төрешілерге ең талантты жас үміткерді таңдауға бір апта уақыт беріледі. Қыркүйек айының соңына дейін балғындар жұлдыздармен бірге гала концертте өнер көрсететін болады. Оның тікелей көрсетілімін «Хабар» арнасы назарларыңызға ұсынбақ. Жеңімпазды анықтауға көрермендер де өз үлестерін қоса алады.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

- Көрермен мен қазылар алқасы дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталып, ел атынан Минск қаласында өнер көртесетін жас әнші белгілі болады.

Еске сала кетейік, халықаралық ән байқауы 25 қараша күні өтеді. Байқау «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.