«Junior Eurovision-2018» ән байқауына іріктеу жалғасуда

«Junior Eurovision-2018» ән байқауына іріктеу жалғасуда. Халықаралық өнер додасының жүргізушісі болу да шеберлікті қажет етеді. Беларусь елінде 32 үміткер «тікелей эфир» режимінде арнайы кастингте өз күштерін сынап көрді. Кандидаттарды көрермен емес, шақырылған мамандар бағалады. Кастингке байқаудың шоу-директоры Гордон Бонелло Мальтадан арнайы келген. Балалар «Евровидениесін» ұйымдастыру 2014 жылдан бері осы кәсіпқойға сеніп тапсырылған.

ГОРДОН БОНЕЛЛО, «ЕВРОВИДЕНИЕ-2018» БАЛАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ШОУ-ДИРЕКТОРЫ:

- Ең маңыздысы – импровизация. Әсіресе, дауыс беру жүріп жатқан кезде шатасуға болмайды. Биыл байқауға 20 мемлекеттің өкілдері қатысады. Қазылар алқасы бар. Әрқайсысы балл қояды. Міне, осы сәтте миллиондаған адамның көзі мен құлағы жүргізушіге ауған сәтте жинақылық қажет.

Байқаудың жүргізушісі болуға үміткерлерден бейнеөтінімдер қабылдау бір айға жалғасты. Іріктеуге Беларусьтен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен өнерпаздар қатысты. Көрермен алдына шықпас бұрын қатысушылар қобалжу сезімінен арылуға тырысады.

АНДРЕЙ ГРИШКОВ, КАСТИНГКЕ ҚАТЫСУШЫ:

- Студияға кірмес бұрын үш рет терең дем алып, жаттығу жасау қажет. Бар болғаны осы ғана.

Байқаудың басты талабы – ағылшын тілінде еркін сөйлеу. Кастингке қатысу үшін балалар репетитор жалдап, арнайы курстарға жазылған, тіпті ағылшын тілін жетілдіре түсу үшін шетелге барып-қайтқандары да бар. Ал бұл жолы мамандар қатысушылардың көпшіліктің және камераның алдында өзін-өзі ұстау қабілеттерін бағалады. Түсірілген бейнематериалды бірнеше рет қарап шыққан соң, таңдау жасалады. Төрешілер бір емес, екі, үш, тіпті төрт жүргізушіні таңдап алуы әбден мүмкін.

ИВАН ЭЙСМОНТ, «ЕВРОВИДЕНИЕ-2018» БАЛАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

- Мен бүгін таң қалып тұрмын. Кастингке қатысушылардың көбі жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Осында отырған еуропалық әріптестерімнің айтуынша, балалар ағылшын тілінде жап-жақсы сөйлейді.  Сондықтан қуанып тұрмын.

Атап өтерлігі, биыл Қазақстан «Балалар Евровидениесіне» алғаш рет қатысады. Беделді халықаралық байқауда ел намысын қорғау құқығына ие болу үшін жеткіншектер ұлттық іріктеуден өтіп жатыр. Еске салсақ, ән додасының ақтық сыны Беларусь астанасы Минскіде өтеді. Байқауда 9 бен 14 жас аралығындағы дарындар бақтарын сынайды. Өнер жарысын қазақстандық көрермендер «Хабар» арнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.