«Евровидение» балалар ән байқауына дайындық

Жас дарындар «Евровидение» халықаралық балалар ән байқауында Қазақстанды таныстыру құқығына ие болу үшін сынға түспек. Ұлттық іріктеуге өтінімдерді қабылдау науқанының аяқталуына бір аптадай уақыт қалды. «Хабар» телеарнасының сайтына күн сайын вокалистердің ата-аналарынан сауалнамалар келеді. Еске салсақ, жобаға 9-14 жас аралығындағы жеткіншектер қатыса алады.

Сауалнамада баланың аты-жөні, әкесінің аты, жынысы, туған күні, тұрғылықты жері және оқу орны, азаматтығы, байланыс телефондары, орындайтын әні туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Содан соң, жеке суреттер мен авторлық әндерді жүктеу керек.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

 - Өте аз уақыт қалды. Өтінімдер 31 тамызға дейін қабылданады. Ән айтуға құмар жас орындаушылардың ата-аналарын байқауға қатысуға өтініш беруге шақырамыз. Өйткені бұл қазақстандық өнерпаздар үшін тамаша мүмкіндік. « Junior Eurovision» - үлкен халықаралық жоба. Байқауға қатысқан дарын өз өнерін көрсетіп қана қоймайды, ол еліміздің намысын арқалайды.

Қатысушыларға қойылатын басты шарттар келесідей: ән 3 минуттан аспауы тиіс және кәсіби студияда жазылып, алғаш рет орындалуы керек. Негізгі тілі – қазақ, 40%-ы ағылшын тілінде болуы мүмкін. Қазақстандық ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, ән оңай және есте қаларлықтай болуы керек. Тыңдаған соң туынды оңай жатталып қалса жақсы. Мұндай қасиеттер евро-поп стиліндегі композицияларға тән.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

 - Бұл 70-ші жылдары Еуропада, Францияда, Германияда пайда болған стиль. Ритмі жеңіл, оңай есте сақталып қалады. Бұл жанрдағы орындаушыларға «ABBA» тобы, «Modern Talking» топтарын жатқызуға болады. Міне, орындалатын ән солардың туындалына ұқсас мәнерде болуы тиіс.

Еске салсақ, «Junior Eurovision-2018» халықаралық ән байқауының финалы 25 қарашада Минск қаласында өтеді. Қазақстандықтар оны «Хабар» телеарнасында тікелей эфирі арқылы көре алады.