Астаналықтар оңтүстіккореялық жас жұбайлардың тойын тамашалады

Астаналықтар оңтүстіккореялық жас жұбайлардың тойында болып қайтты. Бұл халықтың ең көрікті рәсімдерінің бірі елордадағы «Қазақстан-Корея» достық саябағында көрсетілді. Ол тарихы тереңде жатқан дәстүр 2 адамның қосылуы ғана емес, екі әулеттің бірігуі. Неке қиып жатқан жастар мұндай рәсімге қатысуға міндетті. Бірнеше ғасырлық көркем, жарқын «Холле» рәсімі – отбасылық өмірге аяқ басуды білдіреді. Ертеде жігітке қалыңдықты оның ата-анасы таңдайтын. Қызға құда түсіп келгенде де жауапты оның ата-анасы беретін. Қазіргі кезде жастар үйленбес бұрын, отбасының алдынан өтеді. Қазақстандағы Корея елшісі Ким Дэ Сиктің айтуынша, кореялық мәдениеттің ерекшеліктерін көрсету үшін Астанаға Оңтүстік Кореядан әртістер арнайы шақырылыпты.

КИМ ДЭ СИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛІ ЕЛШІСІ:

 -Осы жолы Андон қаласынан әртістер труппасы келді. Бұл қала Корея мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерінің ордасы саналады. Әртістер түрлі-түсті ұлттық киімдерімізді алып келді. Алайда бұл шара Қазақстанда өтіп жатқандықтан, сіздердің елдеріңізге ерекше құрметіміздің белгісі ретінде қазақтың ұлттық киімдерін де киеміз деп шештік. Осылайша қазақстандықтарды өзіміздің мәдениетімізбен таныстырмақпыз.

Мерекеге қатысушыларды кәмелеттік жасқа өту рәсімі де қызықтырды. Бұл дәстүр корея халқында бала дүниеге келгеннен кейінгі өміріндегі алғашқы рәсімдердің бірі болып саналады. Жасөспірімдердің басына «Кван» баскиімі кигізіледі, ал қыздар болса, шаштарын жинап, «Пин» шашқыстырғышын тағады.

БАЛЗАТ СМАҒҰЛОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бұл рәсімдерді көруге отбасымызбен бірге келдік. Бәрі өте қызықты, ханбокты киіп көрдік. Қазіргі таңда корей тілін үйреніп жатырмын. Олардың мәдениеті өте ұнайды. Астанадағы корея мәдениет орталығынына алғысым шексіз. Олар мұндай шараларды жиі өткізеді.

Қазақстан мен Корея жан-жақты әріптестікті дамытуда. Интеграциялық процестер, сауда-экономикалық серіктестік нығайып, екі елдің сыртқы саясаты сан түрлі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Әсіресе, мәдениет саласындағы байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Екі елдің тұрғындары үшін мәдени шаралар ұйымдастырылып отырады.

КИМ ДЭ СИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛІ ЕЛШІСІ:

 - 25 жыл ішінде біздің елдер арасында мықты байланыс орнады. Әсіресе, мәдени байланыс дамып келеді. Қазақстанда кореялық мәдениет пен дәстүрге құрмет көрсетеді. Өз кезегімізде, біз де жыл сайын түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруға тырысамыз. Осылайша, байланысымызды одан әрі нығайтамыз деген сенімдеміз.