Өзбекстанда Абай Құнанбаевтың туған күні тойланды

Өзбекстанда ұлы қазақ ақыны, философ Абайдың туған күні атап өтілді. Салтанатты шара ұлы ақынның Ташкенттегі еңселі ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым етуден басталды. Зиялы қауым екі елге ортақ ұлы ойшыл жазушының артына қалдырған құнды дүниелеріне тоқталды. Жастар қазақ және өзбек тілінде өлеңдерін оқыды. Келушілер Абайдың туып өскен жері Семей өңірінен арнайы барған көшпелі көрмені тамашалады. Еске салсақ, биылғы жылы наурызда Өзбекстан Президенті Абайдың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеп, насихаттау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Содан бастап Абай мұралары өзбек елінде насихатталып келеді. Өзбекстан жазушылар одағы Абайдың туған күні өзбек тіліне аударылған таңдамалы шығармалар жинағының тұсауын кесті. Шығыс шайырлары, сонымен бірге «Өзбекстан мен Қазақстанның әдеби байланысы» және «Қазақ ақындарының 40 өлеңін» тәржімалап шығыпты.

МЕХМОН ИСЛОМХАНОВ, ӨЗБЕКСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ КЕҢЕСІНІҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ:

 - Абай ешқашан өлмейді. Өйткені Абайдың жазып қалдырған сөз маржандары мен қайталанбас шығармалары қара сөздері бізге өмір сүрудің ең дұрыс және дара жолдарын көрсетіп келеді. Дүниеге басқа бір көзқараспен қарауға, әлемге деген сүйіспеншіктің өзіндік сырын ұқтырды, жалпы жұртты бір-бірімен бір ата мен анадан тарағандай ой салатын өлмес туындыларын қалдырды.

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Алдыңғы буын ағаларымыз, үлкен ақсақалдарымыз қашан да мынау өзінің туысқандық, достық көңілдерімен бір-бірінің шығармаларын оқып, бір-бірінің шығармаларын тәржімалап насихаттап келген. Олар қоян-қолтық араласқан. Ал енді біз сол достықты келешек ұрпаққа қалай жеткіземіз деген оймен осы тарихи құжатқа қол қойдық. Оның ішінде онтологиялармен алмасу, кітаптар аударып шығару. Сонымен қоса газеттеріміздің арасындағы байланыс, журналдар арасындағы байланыс. Бір-бірімен материал алмасып шығару сынды жұмыстар.