Балалар Евровидениесі ұлттық іріктеуінің аяқталуына 2 апта қалды

Балалар Евровидениесінің ұлттық іріктеу кезеңіне қатысу үшін өтінімдер қабылданып жатыр. Еске салсақ, бұл шара 31 тамызда аяқталады. Үміткерлер «Хабар» Агенттігінің ресми сайтында өтінім бере алады. Халықаралық беделді байқауға ұлттық іріктеуге 9 бен 14 жас аралығындағы дарындар қатысады. Жалпы, бұл өнер додасы алғаш рет 2003 жылы өткен. Содан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Байқауға Еуропалық хабар тарату одағының құрамына мүше мемлекеттердің өнерпаздары ғана қатысады. 2016 жылдың 1 қаңтарында «Хабар» телеарнасы EBU-дің қауымдастығының мүшесі атанғаны белгілі. Осы уақыт бойы Қазақстанның балалар Евровидениесіне қатысуы туралы келіссөздер жүргізіліп келді. Мәселе биыл 25 шілдеде шешілді. Мамандардың айтуынша, беделді байқауға қатысу жас өнерпаздар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұған ресейлік Полина Богусевичтің табыстары айқын мысал.

Диапазоны кең, таза дауыс иесі 14 жасында бар әлемге танымал болды. Жас дарын 2017 жылғы «Балалар Евровидениесінің» жеңімпазы атанды. Грузияда өткен халықаралық ән додасында Полина «Крылья» әнін орындап, тыңдаушыларды тәнті етті. Ал бүгінде ұлттық іріктеу кезеңіне төрешілер құрамында қатысып отыр.

Бұл – «Балалар Евровидениесінің» алғашқы финалисі, хорватиялық Дино Елушич. Ол кезде жасы небары 11-де болған.

Қазір 26 жасқа келген орындаушы танымал рок әнші. Тыңдаушыларын жаңа альбомдарымен қуантып, концерттерден қолы босамайды.

Балалардың ән додасы «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Байқау шарттарына сай, қатысушылар жаңа әндер орындайды, ал жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталады.