Қазақтың бас ақыны хакім Абайдың туғанына – 173 жыл

Қазақтың бас ақыны хакім Абайдың туғанына – 173 жыл. Қаламгерді қалың қазақ жұрты, оқырмандары еске алып, айтулы датаны айрықша атап өтуде. Шығармаларына қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, танымдық мәселелерін арқау еткен ақынды құрметтеуде керекуліктер де қарап қалмады. Павлодар облысында Абай Құнанбаевтың құрметіне арналған шығармашылық кештер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, концерттер, қазақ классигінің еңбектері қамтылған кітап көрмелері өтіп жатыр. «Абай оқуларының» ауқымы кеңейе түскен.   

ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ, АКАДЕМИК:

-  Аққулы өңірінде бүгін Абай күндері өтіп жатыр. Бұл енді 7-ші рет өтіп жатқан Абай күндері. Халық бұл күнді тосады. Мереке тамаша өткізіледі.

ЖҰЛДЫЗ ТЕМЕШОВА, КІТАПХАНАШЫ:

-  Біздің кітапханамызға Абай Құнанбаевтың кітаптары көп түсіп жатыр. Сондай бір кітаптың бірі - «Қара сөздер», сондай-ақ бізге «Абай тілі» деген жаңа кітап түсті, ішінде «Абай жолы» да бар. Жастар, оқушылар, үлкендер өте қызығушылықпен оқиды.

Ал Орал өңірінде Абайдың туғанына 173 жыл толуына  орай «Абай мұрасы – халық мұрасы» атты танымдық акция өтіп жатыр. Сайыс түрінде ұйымдастырылған шараның мақсаты – ұлы ойшылдың ақындық мұрасын  өскелең  ұрпаққа  мәнерлеп  оқу  арқылы жеткізу. Поэзияны  сүюге,  бағалай  білуге шақыру.  Шара барысында ақын  ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жас буын өкілдері Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін оқып, әндерін шырқады. Сонымен бірге «Абай – мәдениет пен әдебиеттің асқар шыңы» ашық кітап көрмесі және тақырыптық инсталляция жасақталды.  

ИАНАБАТ РАХАТ,  САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

-  Мен Абай Құнанбайұлының 50 өлеңін, 4 қара сөзін жатқа білемін. Сондай-ақ қалалық жарыстарға қатысқам.  Абай атамыздың ерекшелігі – ол өте данышпан болған.

НҰРҒАЛИ ЖОЛДАСҚАЛИЕВ, «ЖАС ОТАН» ЖАСТАР ҚАНАТЫ БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазір әлеуметтік желіде де ол жұмыс қарқынды жүргізілуде. Біздің белсенді жастарымыз «Абайды таны» хэштегімен Абайға арнап жазған немесе Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, әлеуметтік желілерге салып жатыр.