Пабло Пикассоның туындылары Астанада

XX ғасырдың ең әйгілі суретшілерінің бірі, мыңдаған картиналар мен мүсіндердің авторы, кубшылдық ағымының негізін қалаушы. Біртума шебер Пабло Пикассоның шығармашылығын білмейтін адам жоқ. Оның туындылары ең көп сатылатындардың қатарында. Мыңдаған адамның жеке топтамаларында сақталған. Испандық шебердің туындыларымен елорда тұрғындары мен қонақтары да таныса алмақ. Ұлттық музейде Пабло Пикассоның қыштан жасалған туындыларының көрмесі ашылды. Олардың бәрі Италия мен Испаниядағы жеке коллекциялардан алынған. Автор Францияның Валлорис қаласына сапарынан кейін қыштан жасалған бұйымдарға қызығушылық таныта бастапты. Айту керек, өзінің туындыларын жасау кезінде шебер қыш-құмыраларды жасауға арналған шеңберді қолданбаған.

МАДИНА СҰЛТАНОВА, КӨРМЕ КУРАТОРЫ:

 - Пикассо үшін қышпен жұмыс істеу ревизионизм, яғни өзінің шығармашылығына жаңа қырынан қараумен бірдей болды. Ол шебердің қызығушылықтарының бірі ғана емес және жай ғана тәжірибе ретінде қарауға болмайды. Менің ойымша, осы бағыт арқылы ол суретшіден қолөнершіге айналды. Осылайша өнер адамының қолынан келмейтін істің жоқ екендігін дәлелдеді. Хас шебер өнердің әр саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білді.

Пикассоның еңбектерінде мифтік образдар жиі кездеседі. Ол негізінен жануарларды суреттеген. Сондай-ақ шебердің қыштан жасалған бұйымдарында ежелгі грек және африкалық сарын сезіледі. Жалпы Пикассо керамикасында ортағасырлық мәдениеттің лебі бар. Көптеген халықтар мен дәстүрлер тоғысқан.

ЖАН КАМИЛЛО КУСТОДЗА, КӨРМЕ КУРАТОРЫ, ИТАЛИЯ:

-  Пикассо өмірінің соңына дейін мүсіндер мен қыш бұйымдарды жасауын үзген емес. Сондай-ақ графика мен гравюраға қызығушылық танытқан. Көрмеде Пикассоның графикалық еңбектерінің түпнұсқасын көре аласыздар. Олардың көпшілігі кітаптарға сурет ретінде басылған. Пикассо жалығуды білмейтін, еңбекқор шебер болған.

Астанадағы көрмеге Пабло Пикассоның 100-ден астам жұмыстарының түпнұсқалары қойылған. Олардың дені жеке топтамалардан алынып отыр. Ерекше экспозицияны қарашаның 3-не дейін тамашалауға болады.