«Junior Eurovision Song Contest 2018»

Қазақстанда «Junior Eurovision-2018» халықаралық байқауына іріктеу жүргізіліп жатыр. Ниет білдірушілер «Хабар» арнасының сайты арқылы өтінімдерін жібере алады. Ынталы балғындар мен олардың ата-аналарынан ұйымдастырушыларға байқау талаптарына қатысты сан түрлі сауалдар да түсіп жатыр.

ӘЛЖАН ӘБДІРАХМАНОВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ИНТЕРНЕТ ЖОБАЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Негізінен түскен қоңыраулардың дені байқау талаптары, ережелері, әндерге қатысты. Бүгінде балаларға арнап шығарылған әндер көп. Сол себепті көрермендердің естеріне сала кетейін, іріктеу талаптарына арналған арнайы сайт бар. Осыған сәйкес, сол жерде өтінім бере аласыздар.  

Байқауда 9 бен 14 жас аралығындағы балалар бақ сынайды. Әннің ұзақтығы 3 минуттан аспауы, кәсіби студияда евро-поп стилінде жазылған және ешбір жерде бұрын орындалмаған авторлық ән болуы міндетті. Сонымен қатар ән мәтінінің 60 пайызы өз тілінде жазылуы шарт, 40 пайызын ағылшынша орындауға болады. Сондай-ақ іріктеуге 6 адамға дейінгі құрамдағы топтар да қатыса алады.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

-  Қатысатын әрбір баланың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Бастысы қорықпай, өзін көрсете білу керек. Бұл – халықаралық тәжірибе. Болашақта тағдырын музыкамен сабақтастыратын болса, оның мансапқа жету жолында үлкен көмек болмақ. Сонымен қатар бұл – елімізді халықаралық аренада таныстыруда үлкен жауапкершілік.  

Евровидениеге қатысатын балаларды әрбір ел өзінше анықтауда. Мысалы, Францияда алдын-ала іріктеу және конкурстарды өткізбей-ақ, жас орындаушыны таңдап алған. Грузияда ең талантты әнші телевизиялық жоба барысында іріктелді. Ал Ресейде «Артек» халықаралық балалар орталығында үлкен гала-концерт жүргізу арқылы таңдады. Қазақстанда да іріктеудің өз ерекшеліктері бар.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

-  31 тамызға дейін байқауға қатысушылардан өтінімдер қабылданады. Одан кейін, 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында қазылар алқасы дауыс беру арқылы 10 финалисті анықтайды. Қыркүйектің аяғында ақтық сынға жолдама алғандардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Кейін көрермендердің дауыс беруі және қазылар алқасының таңдауымен жеңімпаз анықталады. Жеңімпаз «Евровидениенің» ақтық сынына қатысатын болады.

Еске салсақ, жыл сайынғы халықаралық «Junior Eurovision-2018» телевизиялық ән байқауы 25 қараша күні Беларусь астанасы Минскіде өтеді. Қазақстанда гала-концертті «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.