Алғаш рет Астанада ұйымдастырылған Орталық Азия би фестивалі өз мәресіне жетті - Kazakh TV

Алғаш рет Астанада ұйымдастырылған Орталық Азия би фестивалі өз мәресіне жетті. Азия елдерінен 100-ден астам жас өнерпаз қатысты. Олар үшін АҚШ-тың дүние жүзіне белгілі хореографтары Кэтрин Пилкингтон мен Тара Комптон шеберлік сабақтарын өткізді. Неоклассикалық балет, модерн, бродвей, импровизация, джаз және хип-хоп секілді би түрлерінің ерекшеліктерін таныстырды.

ПОЛ ЭМЕРСОН, ХОРЕОГРАФ:

 - Осыншама елдің бишілері Астанада алғаш рет бас қосып отыр. Фестивальге қатысушылар өздеріне баға жетпес мол тәжірибе жинақтады деп сенемін. Бұл жас бишілермен қатар біз үшін де табысты болды. Өйткені түрлі түсінік, түрлі қиял бір жерде топтасты. Барлығын бір қойылымда үйлестіру үшін күндіз-түні тер төктік, жаттықтық.

Шараға Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан елінің бишілері мен хореографтары келді. Америкалық Пол Эмерсонның жетекшілігімен олар «Falling Man» атты қойылымды көпшілікке ұсынды. Спектакльде Нью-Йорк қаласының тыныс-тіршілігі көрсетілген.

ПОЛ ГОРДОН ЭМЕРСОН, ХОРЕОГРАФ:

 - Нью-Йорк – менің туған қалам. Бишілердің арасында да менің жерлестерім бар. Біз оның тәкаппар қала екенін көрсеткіміз келді. Шаһардың өзі адамдарға өмірдің қиындықтарын жеңіге үйретеді.

Орталық Азия би фестивалінің ұйымдастырылуына АҚШ-тың Астанадағы елшілігі мен Қазақ ұлттық хореграфия академиясы мұрындық болды. Мақсат – мемлекеттер арасындағы достастықты нығайту. Сонымен қатар елорданы Орталық Азияның неоклассикалық және контемпорари өнерінің астанасына айналдыру.

ТОҒЖАН БӨЛЕЖАНОВА, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:

-  Соңғы 2 апта өте жоғары деңгейде өтті. Уақыттың қалай зымырағанын аңғармай қалдық. Жас биші ретінде АҚШ-тан келген мамандардан көп тәжірибе жинадым, тың ақпараттар алдым. Жаттығудың жаңа түрлерін және би қозғалыстарын үйрендім.

ДАРИНА ЮДИНА, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:

 - Осы жобаға қатысу үшін Ресейден арнайы келдім. Шеберлік сабағы өте жоғары деңгейде өтті. Ұстаздардың да кәсіби шеберлігіне күмән жоқ. Олар біздің жүрегімізге жол тауып, 2 аптаның ішінде көп нәрсені меңгерте білді. Оның нәтижесін жаңа көрдіңіздер.

Орталық Азия елдерінің би фестивалі 22 шілдеде басталып, 2 аптаға жалғасты. Қатысушылар мәдени шара дәстүрге айналатынына үмітті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер