Павлодарда «Ұлы дала» этнофестивалі өтті - Kazakh TV

Павлодардағы «Ұлы дала» халықаралық фестивалінде дәстүрлі музыканың үздік әншілері мен композиторлары өнер көрсетті. Ертіс өңірінің көркем жерлерінде ақшаңқан киіз үйлер қанат жайған этноауыл орналасты. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Түрікменстан қонақтары ежелгі қазақ мәдениетімен, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерімен танысты.

ШАХИМАРДАН АБИЛОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ:

 - «Ұлы дала» фестивалі тек фестиваль ғана емес. Естай, Жаяу Мұса жазған қазақ музыкасының ғаламдық маңызы бар дер едім. Біз кейде ол шығармаларды фольклорға жатқызамыз. Жоқ, бұл – классика. Жалпы, қазақ даласы – бұл тұтас симфония, тіпті бүкіл әлемдік опера музыкасына теңдес қазақ музыкасы, қазақ ақындары бар.

ТӨЛЕУТАЙ СЕРІКОВ, ӘНШІ:

 - Естай Беркімбайұлының әндеріне кішкентай кезімнен сусындап өскенмін. Бұл кісінің өміріне, жалпы оның шығармашылығына үлкен шабыт берген Қорлан – өзінің ғашығы. Сондықтан Қорланға арналған әндері көп.

Этнауылдың басты қонақтары – халықтың суырып салма ақындары. Олардың ішінде 10 жыл бұрын Естай Беркімбаевтың 140 жылдығына орайластырылған айтыстың жеңімпазы – Қазбек Қасымов та бар.

ҚАЗБЕК ҚАСЫМОВ, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Ақынмын, бүгін ұлы тойдың ұлы қыраны болып самғап кетейін,

   Кешегі жоғалған дәстүрді өлеңіммен жалғап кетейін.

   Ұлы дала, жасап жатқан тойларың құтты болсын,

   Сіздерге бір шумақтатып өлеңімді арнап кетейін!

Фестиваль Павлодардың «Ертіс променад» бас сахнасындағы гала-концертпен және мерекелік отшашумен аяқталды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер