«Евровидение» халықаралық балалар ән байқауына өтінімдерді қабылдау басталды

«Евровидение» халықаралық балалар ән байқауына өтінімдерді қабылдау басталды

«Евровидение» халықаралық балалар ән байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдау науқаны басталды. Өтініштерді «Хабар» арнасының сайтында беруге болады. Ән байқауына 9-14 жас аралығындағы кез келген қазақстандық бала қатыса алады. Ел намысын абыроймен қорғайтын жезтаңдай жас әншіні мыңдаған талант иелері арасынан Қазақстанның танымал мәдениет қайраткерлері, музыканттары мен әншілері таңдамақ.

ЕРЛАН ИГІСІНОВ, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

 - Өтінімдер тамыздың 1-нен бастап 31-не дейін қабылданады. Біздің арнаның сайтында барлық арнайы талаптар жазылған анкета бар. Ал өтінімдерді қабылдау науқаны аяқталғаннан кейін, қыркүйектің 7-не дейін құрамында атақты әншілер, музыканттар мен музыкалық продюсерлер бар қазылар алқасы финалистерді анықтайтын болады.

«Хабар» телеарнасының сайтында өтінім берушілерге жеке ақпараттан бөлек, фотосуреттер мен авторлық әнді жүктеу міндеттеледі.

АЙДОС ТҰРЫСБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ:

 - Орындайтын әні бұрын-соңды еш жерде орындалмаған авторлық ән болуы керек. Өзіне арнап жазылған, бәлкім балалардың өздері жазған ән болуы мүмкін. Әннің ұзақтығы 2 минут 45 секундтан 3 минутқа дейін болуы керек. Бұдан аспауы керек. Әнге қойылатын тағы бір талап - ән қатысушы елдің тілінде болуы керек, яғни қазақ тілінде. Ал 40% ағылшын тіліне дейін болуы керек. Және евро-поп стилінде болған ән дұрыс. Бұл - байқаудың негізгі талабы.

Конкурстың ұлттық іріктеу сынында барлық қатысушылардың мүмкіншіліктері бірдей. Ел намысын абыроймен қорғауға Минскіге аттанатын жезтаңдай әншіні «Хабар» арнасының көрермендері тікелей эфирде дауыс беру арқылы таңдайды. Ал ол қыркүйек айының соңында болады.