Астанада Париждің ұлттық опера театры «Gala De Paris» кешін өткізді

Арқаның төрінде Франция би өнерінің інжу-маржандары салтанат құрды. Елордада алғаш рет «Gala De Paris» кеші өтті. Париждің ұлттық опера театры Қазақстандық қауымға арнайы бағдарлама құрып,  репертуарлық қорындағы үздік деген туындыларын жиып әкелген. Бас шаһар тұрғындары мен қала қонақтары батыс пен шығыс билерін шебер тоғыстыра білген Еуропаның заманауи классикалық хореографиясының жарқын жұлдыздарының өнеріне куә болды. Сахна саңлақтары «Раймонда», «Ренессанс», «Корсар» сынды көпке танымал балеттерден үзінділер ұсынды. Қойылымның көркемдік жетекшісі – әйгілі хореограф Себастьян Берто. Дирижері – ресейлік-америкалық маэстро Владимир Ланд, идея авторы –Антон Левахин.

АНТОН ЛЕВАХИН, ЖОБА АВТОРЫ, ПРОДЮСЕР:

 - Батыс пен Шығыс арасында өнер арқылы диалог құрылды. Бұл бағдарлама әрбірінің өзіндік мәдениеті қалыптасқан  қос  өркениеттің бірігуімен қызықты. Кеште Франция балетінің жұлдызы Летиция Пюжоль, және биылғы жылдың үздік әлем бишісі деп танылған Сэ Ын Пак сияқты сахна шеберлері, өз өнерін паш етті. Бұл танымал сахна саңлақтарының өнеріне «Астана Опера» театрының дарынды, тәжірибелі музыканттардан құралған  оркестрі сүйемел жасады. Олар  хореография, әуен арқылы өзара диалог жасады. Бұл бағдарлама музыканттар мен солистерге үлкен ләззат сыйлай алды деп айта аламын.

Екі сағаттық әсем бағдарлама Астана қаласының – 20, ал Париж ұлттық опера театрының 350 жылдық меретойына орай арнайы ұйымдастырылып отыр. Айта кетейік, Францияның бас қаласындағы опера театрының ұлттық балет труппасы 1661 жылы Корольдік би академиясы ретінде құрылған.