Қазақтың зергерлік өнерінің дәстүрі - Kazakh TV

Атадан мирас етілген көне кәсіпті жаңғырту. Қазақстандық Берік Әлібай шежірелі қазақтың зергерлік өнерін сақтап қана қоймай, заманауи нақышта дамытуды мақсат етеді. Темірден түйін түйген шебер үшін бұл өмірлік кәсіп қана емес, әулеттік іс. Кезінде атасының әуестігін қабылдап, меңгеріп  алған зергер бар біліп-түйген қолданбалы өнердің дәстүрлі қыр-сырын енді кенже ұлына үйретіп жатыр. Оның айтуынша, қазақ халқы о бастан әшекей бұйымдарына ерекше мән берген. Олар тек сән үшін қолданбаған. Зергерлік заттардың әрбірінің ұлттық болмысқа сай өзіндік мән мағынасы бар. Әсіресе күмістен құйылған жүзік, білезіктер сынды әшекейлер ерекше қасиетке ие деп  саналады. Сондықтан шебер негізінен осы бағалы металмен жұмыс жасайтынын айтады.   

БЕРІК ӘЛІБАЙ, ЗЕРГЕР:

 - Қолдан жасалған бұйым.  Бұның бағасы барлық халықтарда жоғары бағаланады. Тек қазақтар ғана емес, өзге ұлттар да, шетелген келген азаматтар да қолдан жасалды десең басқаша қарайды. Әрине, көптеген көшірмесін жасайтындар да бар, олар арзанырақ тұрады. Ал мына қолдан жасайтын бұйымдардан адамдар жылылық, жақсы сезім алып тұрады. Өйткені оларды жақсы көңіл-күймен жасап, өз энергияңды бөлесің.   

Берік Әлібай тарихы тереңде жатқан жәдігерлер адамға күш-қуат беретініне сенеді. Әсіресе көне зергерлік бұйымдар, тұрмыстық салт заттары мен қару-жарақтан оны сезінуге болатынын айтады. Шебер ол үшін бұл шежірелі құндылықтарды пайдаланатын адамдардың да жаны таза болу керек дейді.

БЕРІК ӘЛІБАЙ, ЗЕРГЕР:

 - Тапсырыстар көп түседі. Тапсырушылар қай уақытта жасап бересің деп сұрайды. Сол кезде біз ол өзіңізге байланысты деп айтамыз. Сонда қалай маған байланысты, жасайтын сіз емес пе дейді. Егер көңіл-күйі мен энергетикасы жылы болса мен оны жақсы жасаймын.

Көздің жауын алар қалыңдықтың әшекейлері, жүзік, сырға, ат әбзелдері, тұрмыстық заттар. Берік Әлібай өмірлік ісінде мыңдаған зергерлік бұйым әзірлеген. Әрбірі бірін-бірі қайталамайтын өзіне ғана тән мәнерде жасалған. Оларды тек көне дәстүрге сай ұлттық нақыш біріктіреді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер