Қазақстан алғаш рет «Евровидение-2018» балалар байқауына қатысатын болады

Қазақстан алғаш рет «Евровидение-2018» балалар байқауына қатысатын болады. Осынау халықаралық өнер додасында ел намысын қорғайтын жас әншіні іріктеу байқауы қазан айына дейін жалғасады. Мамандар биылғы өнер жарысы қатысушылар саны жөнінен ауқымды екенін айтып отыр. Бүгінге дейін байқауға 19 мемлекет қатысатынын растады. Атап көрсетерлігі, биыл өнер додасы 25-ші қараша күні Беларусь астанасы Минскте өтеді. Оған 9 бен 14 жас аралығындағы балғын әншілер қатысады. Балалар арасында өтетін «Евровидение-2018» ән байқауын «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Бүгінгі таңда «Хабар» Агенттігі Еуропалық хабар тарату одағына мүше болып табылатын жалғыз отандық компания.

АЛАН ӘЖІБАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Дауыс беретін азаматтарымыздың, көрермендердің белсенділік танытқаны маңызды. «Евровидение-2018» байқауының дауыс беру жүйесі дауыс берушілердің белсенділігіне тікелей байланысты. Бір мемлекетте тұратын халық саны көп, басқасында аз екені белгілі. Сондықтан СМС немесе интернет арқылы өз таңдауыңды жасау қажет. Дауыс бергендердің саны есептеледі. Сондай-ақ қазылар алқасының құрамына Қазақстанның бес өкілі енеді, оның үшеуі ересек, екеуі бала болады. Олардың да берген дауыстары ескеріледі.