Париж ұлттық опера театрының балет труппасы Астанада өнер көрсетеді

Париж ұлттық опера театрының балет труппасы Астанада өнер көрсетеді. «Gala de Paris» атты ауқымды бағдарлама бүгін, шілденің 27-сі басталып, 3 күнге жалғасады. Бірегей концерттік бағдарламаны «Раймонда» балеті ашады. Үлкен залдың сахнасына Летиция Пюжоль, Сэ Ын Пак, Франсуа Алю, Камиль Бон, Марион Готье және тағы да басқа балет жұлдыздары шығады. «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін әсерлі кешке дайындық қызу жүргізілуде.

ВЛАДИМИР ЛАНДЕ, ДИРИЖЕР /АҚШ/:

 - Мен артистердің өнеріне тәнтімін. Жақында премьераны тамашаладым. Театр дамып келеді. Мұндай өнер адамдарымен жұмыс істеу мен үшін мәртебе. Астана үшін арнайы жасалып отырған концертке дайындығымыз басталды. Бұл мен қатысқан ең ауқымды әрі маңызды жоба.

Paris Opéra Ballet XIV Людовик патшаның тұсында құрылған. Астаналықтар енді 350 жылдық тарихы бар осы труппаның өнерін тамашалайтын болады.

АНТОН ЛЕВАХИН, ЖОБА АВТОРЫ /ИТАЛИЯ/:

 - Астанаға жиналған барлығымыз үшін бұл бірегей шара. Қазақстан жеріне аяқ басқалы үлкен әсердеміз. Елорда бізді құшақ жая қарсы алды. Қазақстанға 10 жыл бұрын келгем. Бүгінде көркейген, дамыған. Театрларыңыз қандай керемет! Жаңа ғана оркестрдің бірінші дайындығына қатыстық. Үлкен әсер алдық. Осындай сәулетті жерде сондай өнерлі адамдар жұмыс істейді екен. Француз балет өнерінің майталмандары сіздер үшін келіп жатыр. Бұл қайталанбас сәт болмақ.

Бұл астаналық көрермен үшін нағыз мереке болмақ. Концертке арналған костюмдерді Кристиан Лукруа, Оливье Рустен сынды атақты дизайнерлер тіккен. Еуропалық балеттің жарқын жұлдыздары көрерменге ерекше әсер сыйлауға дайын.