Қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіков халықаралық сыйлыққа ие болды

Қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіков халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Бұл мәртебелі марапатқа әлем бойынша 5 адам лайық деп танылса, соның бірі – отандасымыз. Сыйлық алдағы қазан айында Австрияда тапсырылмақ. «Атом» жобасының құрметті елшісі, белгілі суретшінің ата-анасы Семей ядролық сынақ полигонынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Мыржық ауылында тұрған. Кейін Егіндібұлақ селосына көшіп келіп, өмірге Кәріпбек келеді. Алайда сынақтың зардабынан сәби екі қолсыз кемтар болып туады.

КӘРІПБЕК КҮЙІКОВ, СУРЕТШІ:

 - Ядролық қаруға иелік ету – сондай тартымды, сондықтан басқаларға одан көрген зардабымыз туралы айтуымыз қажет.

Бүгінде жасы 50-ге келсе де, Кәріпбек Күйіков қылқаламын жанынан тастаған емес. Ол өз туындыларын аяғымен немесе аузымен салады. Ядролық қарусыздану қозғалысының белсенді мүшесі барлық еңбегінде өзі тәрізді сынақ қасіретін тартқан жандарды бейнелейді. Шығармашылық есеп беру кешінде суретші өзінің ең таңдаулы 50-ге жуық туындысын қойды. Өнер сыншылары жоғары бағасын беріп, ақындар жыр арнады.

ДМИТРИЙ КАЛМЫКОВ, ЭКОЛОГ:

 - Әлемдегі ядролық қарудың саны азаяр емес. Ядролық елдердің қатары артып келеді. Тіпті қазір жабық тұрған Семей полигонын алайық. Ол жерде қазірдің өзінде адамдар тұрып жатыр, мал жайылады. Сондықтан Кәріпбектің картиналарын біздің жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан үлкен күрес деп айтуға болады. 

Арнайы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда атом сынағынан зардап шеккендердің саны 1 миллионнан асады екен. Кәріпбек Күйіков әлемнің барлық елін ядролық қарудан бас тартып, Қазақстан бастамасына қосылуға үндеп келеді.