«Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғырту

Тарихы тереңнен бастау алатын халқымыздың ұлттық дәстүрлері жаңғыртылуда. Бұған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тигізіп отырған септігі мол. Оның аясында ел аймақтарында ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптарды өскелең ұрпаққа таныстырып, бойларына сіңіруге көмектесетін шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, қазір «Қымызмұрындық» уақыты. Бұл – желіге құлын байланып, бие сауылып, алғашқы қымыз қоры жиналғанда аталып өтетін қымыз ішу тойы. Оны алғашқылардың бірі болып Алматы облысы Кеген ауданының халқы атап өтті.

Мұндағы «Қымызмұрындық» шарасына аудандағы 22 жайлаудан 1,5 тонна қымыз жеткізілді.

ЖАНЕН ДОДАНОВА, ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Менің бар айтарым – бүгінгідей мереке, бүгінгідей қуаныш, бүгінгідей ынтымақ, салтанат, қазақтың ескі дәстүрі мына «Рухани жаңғырудың» арқасында ары қарай дами берсе екен, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсе екен деген үлкен аналық тілегім.

ТӘҢІРБЕРГЕН ҚАСЫМБЕРКЕБАЕВ, «ДОСТЫҚ ҮЙІ – ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ:

 - Әр этностың өкілдері әр ауданнан келіп, осындай қазақ халқының жайлау кезінде өткізетін «Қымызмұрындық» мерекесін керемет шара етіп өткізуде. Енді ЮНЕСКО-ның көлемінде тіркетуге болады екен деген ұсыныстар айтып жатыр. Біз осыны қолдаймыз.

Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауылында да «Қымызмұрындық» мерекесі өтті.  Ұлттық сусынды ұлықтау үшін 50-ге жуық киіз үй тігілді. Аудандағы 60-тан астам шаруашылық дастарқан жайып, келген қонақтарға қымыз бен шұбат ұсынды. Облыстың Тарабағатай ауданында 30-дан астам шаруашылық  жыл он екі ай  бие байлап, қымыз сауады. Нәтижесінде ауданда жылына 45 мың литр қымыз, 1 мың 800 литр шұбат  дайындалады. 

ЕРЖАН САБЫРБАЕВ, ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл өсіп келе жатқан жастарға, өскелең ұрпаққа – игі болатын шара. Ауылымыздағы қолдан жасалатын туындыларымызды, қолөнерлершілердің туындыларын көрсетіп, жақсы ұйымдастырылып өткізілді.  

Қазақ халқы саумалдан бастап бесті қымызға дейін қымыздың 30-ға жуық түрін ажыратады. Зерттеулер көрсеткендей, биенің сүтінде 28 түрлі дәрумен бар. Сондықтан ол көптеген аурулардың алдын алатын қасиетке ие.