Жамбыл облысының мәдени күндері Астанада өтті - Kazakh TV

«Жаңарған Жамбылдан асқақтаған Астанаға тарту». Елорданы 20 жылдық мерейтойымен құттықтауға 200-ге жуық тараздық өнерпаз келді. Сахна саңлақтары туған өлкелерінің мәдениет күндері аясында Бас шаһардың тұрғындары мен қонақтарына арнап мерекелік бағдарлама ұсынды. Сазды кеш аясында ән мен жырдан шашу шашылып, театрландырылған көріністер қойылды. 

ДҮЙСЕНӘЛІ БЫҚЫБАЕВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл жерде фольклорлық ұжымдар бар, ұлт аспаптар оркестрі бар, бишілер ұжымы бар. Программамыздың барлығы – өңірімізден шыққан композиторлардың әндері. Негізі әндердің көбі Астанаға арналған. Жас әншілеріміздің, композиторларымыздың шығармашылығын насихаттау барысында тек қана өзіміздің өнер ұжымдарының концерті өткізіледі.

Бұл Астанаға арнайы жазылған ән. Шара барысында бірнеше ән мен күйдің тұсауы кесілді. Осылайша, мыңжылдықтар мұрасын арқалаған көне Тараз тұрғындары Елорда халқына әуенді де әуезді сәлемдемемен қатар қолөнер бұйымдарының жылжымалы көрмесін де ала келіпті. Он саусағынан өнер тамған шеберлер мен темірден түйін түйген зергерлер шара меймандарын көздің жауын алар төл туындыларымен тәнті етті.

СӘКЕН СЫДЫҚОВ, ШЕБЕР:

 - Ағаш бұйымдардан осындай бұйымдар жасаймыз. Мынау қатты қара ағаштан жасалған астау. Мынау – жеміс, өрік, мейіз, құрма салатын ыдыс. Бұл жаңадан шыққан, қазақы нақыштармен өрнектелген. Әрі үйде сувенир ретінде тұратын дүние.

Екі күнге ұласқан қазыналы өлкенің мәдени күндері мұнымен шектелмеді. Жамбылдық өнеррпаздардың Астанаға сыйы гала-концертпен түйінделді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер