«Қыз Жібек» мюзиклі Кореяда

Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты туралы лиро-эпостық дастан енді Оңтүстік Корея тұрғындарына да таныс. Ұлы дала елі фольклорының інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек» спектаклі халықаралық мюзикльдер фестивалі аясында Тэгу қаласында сахналанды. Айта кетейік, отандық «Жастар» театры театр әлеміндегі айшықты оқиғаға алғаш рет  қатысып отыр. Ұйымдастырушылар қазақстандық ұжымнан «Қыз Жібек» қойылымымен келуді өтінген. Себебі олардың ойынша, спектакль – қазақтың ұлттық бейнесін айқындайтын бірден бір туынды. 

ПАК ЧОНГ СУК, ТЭГУ ҚАЛАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЮЗИКЛДЕР ФЕСТИВАЛІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

-  «Қыз Жібек» мюзиклі мен көрген туындыларға мүлдем ұқсамайды. Ерекше әрі керемет шығарма. Дегенмен көрермендер оны бірден қабылдамауы мүмкін. Тэгу қаласында өтіп жатқан шарадан соң оңтүстіккореялықтар қазақстандық туындылармен қызығушылық білдіре бастайтынына сенімім мол. 

Опера, рок, қазақтың ұлттық музыкасы. Қазақстандық мамандар осы жанрлардың барлығын спектакльдің романтикалық сюжетімен шебер үйлестіре білген. Сондай-ақ мюзикл каскадерлік трюктермен толықтырылды. Ал қойылымға қажет реквизиттердің көп болғаны соншалық, Кореяға артистерден бұрын жүк бөлек жіберіліпті. Сондай-ақ қойылымның мәтінін ағылшын және корей тілдеріне аударуға да уақыт жұмсалды.

НУРҚАНАТ ЖАҚЫПБАЙ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз фестивальда көптеген басқа мюзиклдарды көрдік. Онда бірі балет билесе,  енді бірі хорда ән айтады. Ал біз балетті де өзіміз билеп, әнді де өзіміз айтамыз. Циркке тән трюктерді де өзіміз орындаймыз. Біздің ерекшелігіміз де міне осында.

ЧО ХЕН ДЖУ,  ТЭГУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Маған қазақ ғашықтарының оқиғасы қатты ұнады. Корея мен қазақ музыкаларының ұқсастығы қойылымның түсінікті болуына әсер етті. Қазақстанның мәдениеті мен музыкасы туралы көп дүниені танып білуге құштар болып отырмын.

Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббат хикаясы тек көрерменге емес, мюзиклдер фестивалінің ұйымдастырушыларына да ұнады. Елордалық «Жастар» театрының артистері болашақта Тэгу қаласына қайта келіп, қазақ өнерінің өзге де туындыларын сахналауға уәде берді.