«Астана Опера» сахнасында «Viva L’opera» концерті қойылды

«Астана Опера» сахнасында кезекті рет әлемнің үздік опера жауһарлары салтанат құрды. Бұл жолы талғамы биік көрермен назарына Италия, француз классиктерінің танымал ариялары ұсынылды. Сазды кештің қонағы – әйгілі армениялық әнші Вардуи Хачатрян. Бай шығармашылық қоры 7 тілден тұратын қадірменді мейманмен бірге есімдері кеңге белгілі жергілікті опера майталмандары өнер көрсетті. Олар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Шотабаев пен Барсег Туманян. Жезтаңдай үштікке Елена Сахно фортепиано партиясымен сүйемел жасады. Сахна саңлақтарының орындау шеберлігіне тәнті болған өнер сүйер қауым қошемет көрсетіп, рухани байып тарасты.

ЕЛЕНА САХНО, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ОПЕРА ТРУППАСЫНЫҢ БАС КОНЦЕРТМЕЙСТЕРІ:

 - Бұл концертте біз опера өнеріне деген маххабатымызды жеткізуге тырыстық. Сондықтан аса танымал композиторлардың туындылары орындалды. Ол әрине Верди мен Россини, француз сазгерлері Гуно мен Массне.

МЕДЕТ ШОТАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Меніңше, көрермендер жақсы қабылдады. Неге десеңіз, біздің көрермендер қонақжайлы адамдар ғой. Сопрано дауысты әнші Вардуи Хачатрян керемет орындады. Зал аншлаг болды.