11 жастағы  жұлдыз. Аңсар Жүсіптің ерекше дарынын І Халықаралық фестиваль байқауының қазылар алқасы бірден байқаған. Ол «Burabay Summer Fest» балалар мен жасөспірімдер сайысында «академиялық ән салу» аталымында жеңімпаз атанды. Жас әнші елдің түкпір-түкпірі мен шет елдерден келген жүздеген қатысушыдан озып түсті. Ақтық сында ол байқаудың бас жүлдесі – Елбасы атынан сыйланған рояльді жеңіп алды.

АҢСАР ЖҮСІП, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ЖЕҢІМПАЗЫ:

 - Менің қарсыластарым өте дайындалған, көп жылдар бойы дайындалған. Актерлік қабілеттері бар. Оларды жеңіп шығу өте қиын болды. Мен барымды салып, ән айттым. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа рақмет айтқым келеді. Және мені қолдап отырған ақтөбелік жанкүйерлеріме алғыс айтамын. 

Эрнесто де Куртистің «Соррентоға орал» туындысы жас дарынның сүйікті әндерінің қатарында. Аңсар Жүсіп ән айту өнеріне жастайынан ден қойған.   Ол Ақтөбе қаласындағы музыкалық мектепте білім алады.

ТАРБИЯ ДӘРІБАЕВА,  № 1 МУЗЫКАЛЫҚ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ:

 - Аңсар – өте қарапайым, сабырлы, көп еңбектенетін бала. Ұстазының да еңбегі зор, әрине. 6 жастан бастап бүкіл еркелігін, тентектігін көтерді. Сәл қаталдау, байқауға баратын балалармен ерекше салмақты түрде дайындайды. Соның жемісі деп ойлаймын.

Дайындық, ұйқысыз түндер, іріктеу кезеңі. Аңсардың алдында халықаралық байқауларға тиісті деңгейде дайындалу міндеті тұр. Күзде жас жұлдыз Лос-Анджелестегі әйгілі  «Universal Studios Hollywood»-ке аттанбақ. Аңсар әлі де талай белестерді бағындыруға бел буып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер