Жюльет Бинош қазақстандықтармен актерлік шеберлік құпияларымен бөлісті. Әлемдік деңгейдегі жұлдыз Астанада шеберлік сағаттарын өткізіп, өз тәжірибесі жайлы айтып берді. Туынды әлеміне еніп, кейіпкерлердің толғанысы мен режиссердің көзқарасын қалай түсінуге болады? Франциялық актриса әріптестері мен жанкүйерлерінің сауалдарын барынша толық қамтуға тырысты. Жұлдыздың айтуынша, ол өз жұмысында көптеген тәсілдерді қолданады екен. Олардың арасында Станиславскийдің белгілі жүйесі де бар. Актриса образды ашудың өзге де тәсілдерін шебер меңгерген.

ЖЮЛЬЕТ БИНОШ, АКТРИСА:

Кейде мен алдыма өзім мүлдем дайын емес міндеттерді қоямын. Фильмдегі диалогтарды толық зерттемей, кинода қалқып жүргендей әсерде боламын. Маған жұмыс істеген өте ұнайды. Мен жалпы фильмнің маған не бере алатындығын зерттегенді жақсы көремін. Және де актриса ретінде фильмнің, пьесаның дамуын қадағалаймын. Оқиғаның қай жерде жанданып, шарықтау шегі болатындығы қызықты. Сондықтан мен не болып жатқанын үнемі біліп отырамын. Кейбір режиссерлер мұны жақтыра қоймайды. Оларға актерді бар болғаны құрал ретінде пайдаланған ұнайды.

Айта кетейік, киножұлдыз Қазақстанға «Астана» халықаралық театр фестиваліне қатысу үшін келген болатын. Бағдарлама аясында Жюльет Бинош қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың өлеңі мен белгілі франциялық әнші Барбараның өмірбаянынан повестер оқыды. Актрисаның айтуынша, оны Астананың футуристік стильдегі сәулеті тәнті еткен. Жюльет Бинош қазақтың бай мәдениетімен танысу үшін елімізге қайта оралуға уәде берді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер