Астанада Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды. Бұл – жыл сайын отандық және шетелдік киноиндустрия жұлдыздарын бір арнаға жинайтын оқиға. Осымен XIV рет ұйымдастырылып отырған байқаудың ең басты қонақтары – белгілі кинорежиссер Эмир Кустурица, атақты француз актері Венсан Кассель. Сондай-ақ 71 Канн кинофестивалінде үздік актриса атағын иеленген Самал Еслямова да бар. Сонымен қатар Қазақстан астанасына ресейлік актерлер, Еуропа, Азия, Африка, Америка елдерінің белгілі кино жұлдыздары мен киноиндустрия саласындағы сарапшылар және сыншылар, танымал мәдениет қайраткерлері де келді.

АЙМАН МҰСАХОДЖАЕВА, «ЕУРАЗИЯ» КИНОФЕСТИВАЛІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Моника Белучимен жұмыс істеген Габриэла Кристиани де бар. Цзянь Сяо Сюэ – тек Қытайда ғана белгілі емес, ол әлем бойына қазылар алқасының төрағасы. Сонымен қатар біздің студенттер білім алып жатқан Нью-Йорк кино Академиясының директорлары келді. Бұның барлығы қарым-қатынас аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кинофестиваль 7 күнге жалғасады. Негізінен конкурсқа 12 толық метражды және 35 қысқаметражды картиналар ұсынылған. Биылғы жылы кинофестивальдің ресми бөлігі 8 секциядан тұрады. Сонымен қатар «Еуразия» фестивалін ұйымдастырушылар конкурстан тыс бағдарламалар да дайындады. Бұл біріншіден, түркі тілдес мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің 10 фильмі, сондай-ақ 9 жаңа қазақстандық фильм, А санатындағы Берлин, Канн, Венеция, Санденс, Мәскеу халықаралық кинофестивальдердің 11 толықметражды жүлдегер-фильм де көрсетіледі.  

АЙМАН МҰСАХОДЖАЕВА, «ЕУРАЗИЯ» КИНОФЕСТИВАЛІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Өте көп фильмдер ұсынылып, 1000-нан астамы қаралып шықты. Бізге 350 қатысушы мен қонақ келді. Сонымен қатар Paramount Pictures, Голливуд пен Болливудтан, белгілі кинофестивальдердің директорлары да келді. Соның ішінде Пусан, Канн, Торонто фестивалдерінің қатысушылары бар. Қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі тұлғалар бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер