Қара домбырамен тек күй мен терме ғана емес, әлемдік хиттерді де нақышына келітіріп орындауға болады. Қос ішекті ұлттық музыкалық аспап арқылы заманауи күрделі ырғақты да алып шығу қиын емес.

Қалың жұртқа танымал халықаралық және отандық хиттерді қазақ домбырасымен орындау идеясы Бауыржан Итекеевке 3 жыл бұрын келді. «Made in KZ» тобының жетекшісі өзінің жобасымен тек Қазақстанда емес, шет елдерде таныла бастады. Жас дарындар құлаққа жатталып қалған ноталарды күмбірлеген үнмен орындап тыңдармандарын тамсандырудан жалыққан емес. Жуырда ғана олар қоржынына «Отель Калифорния» композициясының кавер-нұсқасын қосып алды. 

Заманауи домбырашылар Қазақстанның бірнеше қаласымен қатар, Түркия, Ресей, Малайзия, Сингапур, АҚШ, Финляндияда болып қайтты.

БАУЫРЖАН ИТИКЕЕВ, «MADE IN KZ» ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Домбыра 7 нотаны таза бере алады. Мен бұл сөзіммен кәсіби музыканттарды таң қалдырдым деп ойламаймын. Дегенмен көп адамдар, «екі шекті музыкалық аспапта қалайша осындай әуендерді ойнауға болады?» деп таңғалып жатады.

Оның аспабындағы басты айырмашылығы электронды дыбыс түсіргіштер болып саналады. Сол арқылы сапалы әрі таза дыбыс шығаруға мүмкіндік туады.

АСЛАН НҰҒЫМАНОВ, ДОМБЫРАШЫ:

 - Топтың мақсаты – қазақтың қара домбырасының жаңғыруына кішкентай да болса үлесімізді қосу. Шетелдік азаматтар домбырамызбен танысса, көрсе, білсе, қызығушылық танытып, ойнағысы келсе деген мақсат.

«Made in KZ» жобасының арқасында қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра Интернет кеңістігінде де кеңінен танылып келеді. Жақын арада топ ресейлік орындаушымен авторлық композицияға дуэт жазып, жаңа бейнебаяндарын ұсынбақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер