Пекин халық театры Астанада

Шегі жоқ, шекара талғамайтын, барша адамзатқа тілі ортақ – махаббат. Елорда сахнасында Пекин халық театры өшпес тақырыпты көтерді. Аспан асты елінің өнерпаздары Астана мен қала қонақтарының назарына «Шабдалы гүлін ұнатамын» атты қойылымын ұсынды. Қытайлық заманауи драма аңдамай жүріп от басқан жас отбасының тағдырын баяндайды. Уақытша сезімнің уына тұншыққан жігіт сүйгенін өксітіп, өміріне сызат түсіреді. Нәтижесінде отағасы тәубеге келіп өзі құрған жанұясының шырқын бұзбауға бел буады. Осылайша терең ойға шомылдыратын оқиға желісі ғашықтардың пәк мхаббатты, таза сезімді, отбасылық құндылықтарды сақтауға дәріптейді. Көрерменнің дені – жастар. Тәрбиелік мәні зор шетелдік спектакльді жиналған қауым ұйып тыңдап, ерекше ықыласпен тамашалады.

ZHU XIAPPENG, АКТЕР /ҚХР/:

 - Мен бұл қойылымда өмірден ләззат алып, өмірдің өзге қызығын көргісі келетін адамның рөлін сомдаймын. Ал шынайы өмірде мүлде басқа адаммын. Жеңіл жүрісті ұнатпаймын. Бұл екі елдің халқына да тән емес.  Бұл жолы біз «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында келдік. Болашақта осындай мәдени тәжірибе алмасулар көп болады деп үміттенемін.

WU YU, АКТЕР /ҚХР/:

 - Менің білуімше, қазақ халқы – өте қонақжай, өте ашық, көңілді халық. Бұл жерге келіп, өнер көрсетуім – мен үшін үлкен жетістік. Себебі біз дос елміз, Қытайда қазақтар өте көп. Сондықтан келгеніме өте қуаныштымын. Менің ойымша, жергілікті халық ән-биді жақсы көреді, дәстүрді қастерлейді, сол жағынан біз ұқсаймыз.

Жалпы елорданың туған күніне арналған ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі 13 елдің өнер ұжымдарының басын қосты. 2 апта бойы бас шаһарда ғаламдық деңгейде аса танымал 18 қойылым сахналанды. Фестиваль Еуропа мен Азия елдерінің кәсіби театр ұжымдарының ең үздік қойылымдарын көпшілікке ұсынып қана қоймай, өзге мемлекеттердің озық мәдениетімен танысып, ұлттық өнерді әлемдік кеңістікке танытуға ықпал етті.