Оралдық шебер қазақтың әйгілі күйшілері тартқан домбыралардың көшірмелерін жасайды

Оралдық Едіге Нәбиев қазақтың әйгілі күйшілері тартқан домбыралардың дәлме дәл көшірмелерін жасаумен айналысып келеді. Ол тек соңғы 6 жылда 200-ден астам аспапқа жан бітірді. Олардың қатарында әйгілі Абай мен Махамбеттің, дарабоз күйші Құрманғазының домбыралары бар. Бұл аспаптарды театр әртістері сахналық қойылымдарға пайдаланып жүр. Едіге Нәбиев – республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері.

ЕДІГЕ НӘБИЕВ,  КҮЙШІ, ДОМБЫРА ЖАСАУШЫ ШЕБЕР:

 - Қақпағында лагы жоқ домбыралардың дыбысы қоңыр болып шығады. Әуелде табиғи материалдарды, яғни қойдың, ешкінің шегін қолданды. Осы күнде біздер лескіні қолданамыз. Олар флюро карбон немесе нейлоннан жасалған лескілер. Бірақ біз олардың сапалысын таңдаймыз.

МИРБОЛАТ ЕРСАЕВ, БҚО ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ағамызбен әңгімелесіп отырғанда айтқаным бар еді, Құрманғазы бабамыздың мәдени орталығында Құраманғазының қолының табы тиген домбыра бар екен. Сол домбыраны біздің өңірге әкеліп, көшірмесін жасауға бола ма дегенде, Едіге аға бірден құп алып жасауға кірісті. Едіге Нәбиев бұл домбыраны 1 жылдың көлемінде жасап шықты.

Ал Қостанай облысында саусақ орнына сым байлап, қос ішекке тіл бітірген таңғажайып жан тұрады. Күйші Айтбай Мұздаханов жүрек үнін киелі аспаппен жеткізіп, халыққа жүздеген туындыларын тарту етті. Бүгінде өнерпаздың 70-ке тарта күйі, 40-тан астам әні бар. «Бабалар үні» жинағының авторы. Айтбай Мұздахановты жерлестері кездесулерге жиі шақырады. Ол жас буынмен кездесіп, ұлттық өнер жайлы әңгімелеуден жалыққан емес.

АЙТБАЙ МҰЗДАХАНОВ, КҮЙШІ:

 - Домбыра қазақта қастерлі болып есептеледі. Әрбір үйдің төрінде тұру керек. Қадыр Мырзалиевтің мынадай сөзі бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Себебі домбыра тілсіз барлығын айтады.

Айта кетейік, Елбасы жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» деп белгіленді. Бұл шараның мақсаты – ұлттық аспаптың мәртебесін асқақтату.