Қазақ саз аспабының бірегейі  қара домбыраның 1,5 мың жылдық тарихы бар деседі. Халқымыздың төл аспабының ұлттық жәдігер, құнды мұраға айналғаны қаншама. Павлодарда атақты адамдардың жан серігіне айналған осындай 20-ға жуық ерекше домбыра бір жерге топтастырылды. Музейдің іргесі қаланған 90 жылдары жәдігерлер облыс тұрғындарынан жиналды. Сол кезде тапсырылған мына домбыраның  пішіні Моңғолияның Алтай тауларындағы үңгірден табылған V ғасырға тиесілі көне аспапқа келеді. Мойнындағы руна жазбасының аудармасы: «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деген мағына береді екен.

ЕРБОЛ ҚАЙЫРОВ, БҰҚАР ЖЫРАУ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

─ Осы сөздерге қарап отырып, домбыраның қаншама жылдық тарихы бар екенін, түркі тілдес халықтың ішінде қазақтармен бірге жасасып, қазақтың мұңын, зарын бір ауыз сөзбен айтып, қазақтың салт-дәстүрін, тарихын сақтап, бізге жеткізіп осы отырған ұлы аспаптардың арқасы ғой.

Бауыржан Барлықов үшін домбыра жасау - табыс көзі. Қолөнер шебері музыка мектептерімен тығыз байланыс орнатқан. Ұлттық аспаптарды жасай бастағанына 30 жылға жуықтапты. Ағаштан түйін түйіп, қос ішекті сөйлеткен хас шебердің домбыраларымен бірнеше ұрпақ өсіп жетілді.

БАУЫРЖАН БАРЛЫҚОВ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ :

─ Тапсырыс беретін маған көбіне мұғалімдер. Қазір мен соңғы жылдары тек Астанамен істеп келемін. Астана енді - жастардың ұясы ғой. Астана - жас қала. Сондықтан шеберлер, мықты домбырашылар бәрі сол жерде жиналған.

Көненің көзі болған қара домбырадан төгілген күй мен шырқалған әнде терең мағына жатыр. Ұлы даланың өлмейтін өр рухын дәулескер күйшілер бізге ұлы домбыраның үнімен жеткізді. Қазіргі заманның тілімен айтсақ, домбыра - біздің ұлттық брендіміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер