«Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмінің екінші маусымы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында түсіріліп жатыр.

Тарихи жобаның екінші маусымы қазақ хандығының ең күрделі кезеңдерін қамтиды. Оқиға Жәнібек пен Керейдің Шайбани ұрпақтарымен шайқасы, Ақ орданың астанасы Сығанақтағы тақ үшін талас төңірегінде өрбиді.

РҮСТЕМ ӘБДІРАШ, РЕЖИССЕР:

 - Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын. Кино болғандықтан, сценарий тарихи негізде жазылды. Бірақ жастарға қызық болсын деп көптеген сол заманның оқиғаларын қайтадан тірілтуге тырыстық. 

Жәнібек сұлтанның хан сайлануы да екінші маусымның еншісінде. Бұл сәт киелі Түркістанда түсіріледі. Себебі, дәл осы Түркістан жері талай тарихи кезеңдердің куәгері, - дейді шығармашылық топ өкілдері. Жаңа маусым аманаттан қайтқан Бұрындықтың таққа отыруымен аяқталады.

АЯН ӨТЕПБЕРГЕН, АКТЕР:

 - Тарихи фильмдер менің стихиям десем болады. Өзіме ұнайды. Қазір қатарлас Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі түсіріліп жатыр. Өзіміз атсалысып жатырмыз. Ол да бір үлкен ауқымды жоба. V ғасырдағы массагеттер. Одан кейін осы Қазақ хандығы бертін келе XIV-XV ғасырдың аумағы.

Түлкібас маңындағы түсіру алаңында XV ғасырдағы ауылды жасау үшін 30-дан астам киіз үй тігілді. Бірінші маусымдағы біраз реквизитерді қайта жаңартуға тура келген. Тарихи жоба болғандықтан жауапкершілігі де жоғары, - дейді режиссер.

РҮСТЕМ ӘБДІРАШ, РЕЖИССЕР:

 - Кейде ауа райы дұрыс болмай жатады. Жаңбыр жауып жатады. 2-3 күн қалып қоясың. Күн шыққан күндері графикті қуып жетуге тырысамыз. Өндіріс қой, қанша дегенмен. Әсіресе тарихи кино деген оңай шаруа емес. Әрбір эпизодты түсіру үшін кем дегенде 1,5-2 күн кетеді. 

Қазіргі уақытта фильмнің 8 бөлімі түсірілген. Жаңа маусымның алғашқы көрсетілімі биыл желтоқсан айына, еліміздің Тәуелсіздік күніне жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер