1 шілдеде Қазақстанда алғаш рет Ұлттық Домбыра күнін атап өтеді

1 шілдеде Қазақстанда алғаш рет Ұлттық Домбыра күнін атап өтеді. Ұлы даланың желін, желмен жарыса шапқан ат тұяғының дыбысын, тау бұлағынын сылдырын, жүрегін кернеген сан алуан сезімнің бәрін қазақ қара домбыраның үнімен жеткізе білген. Қасиетті аспаптың 60-тан аса түрі Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің домбыра залында сақтаулы тұр. Мұнда күй атасы Құрманғазы домбырасының көшірмесі, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедьяров бастаған осы заманның талай ұлы тұлғаларының көзі тірісінде ойнаған аспаптары бар. Ал мына домбыра – әйгілі сазгер, көзі тірісінде күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың талай дүбірлі додаларда абыройын асқақтатқан айтулы аспап.

АЙСАНА БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Дина әжеміздің «16 жыл» күйі, Құрманғазы бабамыздың «Кішкентай» күйінің жалғасы іспетті. Себебі, екеуі де халқымыздың азаттық аңсаған арманы негізінде шыққан шығармалар.

Дина Нүрпейісованың бұл домбырасы Орал өңірінде 1930 жылдары жасалған. Оны ұлы Мұрат Алматыдағы орталық музейге 1965 жылы табыстапты. Алайда әлдебір себептермен кері алып кеткен. Кейін  аспап атыраулық өнер жанашыры Тұяқ Шәмілов деген азаматтың қолына түсіп, ол 1978 жылы осы музейге тарту етіпті. Жалпы көрме залындағы қай аспапты алып қарасақ та, өзіндік тарихы мен қазақ өнерін жанына серік еткен тұлғалардың саусақ табы сақталған.

ДИНАРА БЕЙСЕМБАЕВА, ӨНЕР ЗЕРТТЕУШІСІ:

 - Кәрі Каспий өңірінде батыстың домбырашылық мектебі қалыптасқан. Себебі Еділ-Жайық бойында, Тайсойған, Нарын құмдарында небір дәулескер домбырашылар мен атақты күйшілер, жыршылар мен термешілер, атақты орындаушылар дүниеге келген. Бұл игі дәстүр әлі күнге дейін жалғасын табуда.

Атырауда күй атасы Құрманғазы атында гүлзар бар. 6 метрлік алып тұғырда қаһарлы күйші домбырасын білеп ойға шомған қалыпта тұр. Сондай-ақ Дина Нұрпейісованың да мүсіні өзі атындағы саз мектебінің алдынан орын алған. Ал Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық Кіші өнер академиясында жыл сайын көрнекті өнер қайтаркері атында домбырашылар мен оркестрлер сайысы тұрақты өтіп тұрады.

Мұның барлығы – қазақ домбырасы мен осынау ұлы өнерді бізге жеткізген ұлы тұлғаларға деген құрмет.