Астанада «Самғау» халықаралық театр фестивалі өтті. Елорданың 20 жылдығына орайластырылған шара аясында көрермен назарына Қазақстанның өңірлері мен Орталық Азия елдерінің театр ұжымдары үздік қойылымдарын ұсынды. Биыл фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, сонымен қатар Петропавл, Өскемен, Шымкент және Астана театрлары қатысты. Сахна саңлақтары өзара тәжірибе алмасып, жас буын өкілдеріне вокал, сахнада сөз сөйлеу, қозғалу және актерлік шеберлік бойынша шеберлік дәрістерін өткізді.

МҰРАТ ӘБЗЕЛБАЕВ, Т. ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ, ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Бұл фестивальге «Жастар» театрының актерлары қатысуда, «Ревизор» спектаклін қойды, қазылар алқасы өте жақсы баға берді. Бұларды біз 1 курстан бастап өзіміз тәрбиелегенбіз, жалпы шыдамдылыққа, кез келген кедергіні жеңе білуге, сахнада қандай қозғалыс болсын, шашылып қалмай қасындағы серіктесіне, тыңдаушыға толық жеткізе білу жолында еңбек етілген.

ЖАЛЫНБЕК АХАН, Т. ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Негізгі беретін пәнім –  сахна сайысы. Бұл актерларға тікелей қажетті пән, бұл – құлауғ, жығылуға, бірін бірі ұрған кезде мертіктіріп алмауға, кез келген декорациядан секірген кезде дене мүшесіне зақым-зиян келтірмеуге жауап беретін бірден бір пән.

Фестивальге жиналған шетелдік өнер иелері қазақ театры мектебінің деңгейін жоғары бағалап отыр. Қырғыз ұжымы астаналықтардың назарына «Қорқыт ата» спектаклін ұсынды.

Шетелдік өнерпаздардың шақырылуы шараның географиялық ауқымын ғана емес, мән-маңызын, мазмұнын байыта түсті.

ЖЕҢІШ ХАНГЕЛДИЕВ, ҚЫРҒЫЗ ҰЛТТЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРЫ:

 - Қазақ жұртын Астана шаһарының 20 жылдығымен құттықтағым келеді, мейрамдар көп болсын, шығармашылықтар, игіліктер көбейе берсін! Игілікті болады деп ойлаймыз.

Алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан биылғы «Самғау» халықаралық театрлар фестиваліне 12 театр ұжымы қатысты. Халықаралық фестивальдің қорытындысында үздік қойылым, үздік режиссер секілді бірнеше номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер