Қазақстандық пианист Хадиша Оңалбаева Карнеги-холл сахнасында өнер көрсетті

Қазақстандық пианист Хадиша Оңалбаева Нью-Йоркте әлемге әйгілі Карнеги-холл сахнасында өнер көрсетті. Талант иесі Нью-Йорк төрінде өзінің «Таңқаларлық кербез», «Бірге ойланайық» туындыларын орындады. Сондай-ақ көрермен қауым Бетховен мен Чайковскийдің шығармаларынан, қазақтың әсем әуендерінен сусындады. Хадиша Оңалбаева – АҚШ мұғалімдерінің ұлттық музыка лигасының мүшесі, Алабама штатының Мобил университетінің профессоры және фортепиано факультетінің деканы. Өнер жолындағы білімін шыңдау үшін Жаңа Орлеан университетінде магистратурада оқып, Луизиана штаты Университетінде доктор дәрежесін алды. Ол – «Steinway artist» құрметті атағына ие болған Қазақстанның тұңғыш өкілі. Ал 2017 жылы Алабама штатының үздік әртісі атанды. Концерт Қазақстанның АҚШ-тағы консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.

ХАДИША ОҢАЛБАЕВА, МУЗЫКА ПРОФЕССОРЫ, ПИАНИСТ ЖӘНЕ САЗГЕР:

 - Бүгінгі кешке келген қонақтардың бәріне алғысымды айтқым келеді. Көрермендер арасында көптеген достарымды көріп қатты қуандым. Осы сәтті қолдана отырып, Астанадағы әріптестеріме сәлем жолдағым келеді. Бір жыл бұрын филармония оркестрінде өнер көрсеткен едім. Сонымен қатар келе жатқан Астананының 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Осындай керемет қаланың одан әрі өркендеп, жылдан-жылға көркейе беруіне тілекшімін.

КРИС МАЙЕР, STEINWAY PIANO ӨКІЛІ:

 - Хадиша Оңалбаеваның бүгінгі кеші тамаша деңгейде өтті. Оның орындаушылық шеберлігінде мін жоқ. Ол АҚШ-та Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген талант иелерінің бірі.