Астанада «Eurasian Dance Festival» өтеді - Kazakh TV

Әлемнің үздік бишілері балет және хореография жауһарларының үздік үлгілерін паш етеді. Үстіміздегі маусым айының 24 күні Елордада «Eurasian Dance Festival» II халықаралық балет фестивалі өтеді. Мәдени шара «Astana Ballet» театрының сахнасында салтанат құрмақ. Бұл жолғы байқау ерекшелігі авторлық хореографияға басымдық берілетіндігінде. Сондықтан  өнер сүйер қауым классикалық туындылармен қатар, заманауи би ағымының қайталанбас үлгілерін тамашалай алатын болады. 

ВАЛЕРИЙ КҮЗЕМБАЕВ, «ASTANA BALLET» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздегі фестивальға Люблянадағы Словенияның ұлттық балеті, Пекиндегі Қытай ұлттық балеті, Испанияның Фламенко театры сынды әлемнің үздік ұжымдары қатысуға ниет танытты. Қазақстанның Абай атындағы опера және балет театры «Ромео мен Джульетта» қойылымын сахналайды. Гала-концертке Еуропаның өзге де танымал театрлары келеді. Атап айтсақ: Үлкен театр, Португалияның ұлттық балеті, Штудгардтың мемлекеттік балеті, Голландия елінің Амстердамдағы мемлекеттік ұлттық балеті атсалыспақ. Бір сөзбен, фестивальдің ауқымы кең болады. Көрермен өзіне қызықтысын таппай кетпейді деген сенімдемін.

Фестиваль аясында «Astana Ballet» театрында тәжірибелі бразилиялық хореограф Рикардо Амарентенің көзқарасында сахналанған әйгілі «Жизель» спектаклінің тұсауы кесілмек. 2 актіден тұратын балет туындысы Генрих Гейннің ежелгі ақындық аңыздар жиынтығының негізінде құрылған. Әуенді музыкалық әрлеуі сазгер – Адольф Аданның еңбегінің жемісі. 

РИКАРДО АМАРАНТЕ, ХОРЕОГРАФ /БРАЗИЛИЯ/:

 - Бұл – біздің театрымыздың қос бірдей актіден тұратын менің ең сүйікті аса ауқымды қойылымдарымның бірі. «Жизель» спектакліне театр труппасының барлық құрамы қатысады. Бұған қоса хореографиялық академияның студенттерін тарттық. Барлығы 60 маман жұмылдырылған. Меніңше, бас партия «Жизельді» сомдап көргісі келмейтін балерина мен биші жоқ шығар. Бұл Чайковскийдің «Аққулар көлі» қойылымы сынды көпшілікке жақсы таныс әлемдік туынды десек артық айтпаспын.

Бір аптаға созылатын фестивальді гала-концерт тұйықтайтын болады. Ауқымды қорытынды шара бағдарламасына балеттің жауһарларына айналған өткен ғасырдың классик сазгерлері туындыларының үзінділерімен қатар заманауи хореография өнерінің үздік нұсқалары кіретін болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер