Қазақтың ұлттық тағамдары мемлекеттік брендке айнала алады

Қазақтың ұлттық тағамдары мемлекеттік брендке айнала алады. Халқымыздың ас түрлерін өндіріске қойған кәсіпкерлер осылай дейді. Экологиялық таза, табиғи құндылығы сақталған, денсаулыққа пайдалы өнімдерге әрқашан да сұраныс бар. Бір ауысымда 2 тонна ірімшік өндіріп отырған Павлодардың сүт өңдеу зауытының жетістіктері осыған дәлел.

ЛЮДМИЛА СВЕРДЛОВА, ТЕХНОЛОГ:

 - Біз кептірілген құрт жасаймыз. Ұлттық тағамның 20 түрін ұсынып отырмыз. Хош иісті зира, бұрыш, тұз қосылған және тәтті, қышқыл түрлері бар. Пішіндері де өзгеше. Табиғи құндылықтары сақталады. Ендігі жоспарымыз саудаға қызыл ірімшік жасап  шығару.

Нарыққа шыққан 6 жыл ішінде бұл зауыт өнімнің 100 жуық түрін игеріпті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында ешкі сүтінің өнімдері шығарыла бастады. Аймақта осы мақсатта арнайы кооператив құрылды. Мұнда нидерландтық заанен деген сүтті тұқымы өсіріледі. Қазір мұнда 500 бас ешкі бар, болашақта 6 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы жоба құны – 1 млрд 829 млн теңге. Денсаулыққа пайдасы мол ешкі сүтінен мұнда тұтынушының талғамына сай өнімнің бірнеше түрі дайындалады.

ЖЕҢІС ТОҒЫЗАҚБАЕВ, КООПЕРАТИВ БАСШЫСЫ:

 - Қазір әртүрлі өнім шығарып жатырмыз. Сүт өнімдерін әртүрлі майлылықта айран, қаймақ, сүзбе, йогурт, құрт, май, сондай өнім шығарып жатырмыз. Ертең жаңа құрылғы келгесін сырдың түр-түрін шығарамыз. Жұмсақ, қатты, орташа деген сияқты.

Бүгінде Қазақстанда қазақтың ұлттық тағамдарын заманауи талаптарға сай әзірлеуден басқа, түйе сүтінен балмұздақ жасау сияқты эксклюзив өнімдердің өндірісі жолға қойылған. Сиыр сүтінен жасалған балмұздақтарға қарағанда, оның құрамы май, ақуыз, минерал мен дәрумендерге бай келеді. Ата-баба кәсібін жалғастырып қана қоймай, заманға сай бейімдей білген отандық кәсіпкерлер ұлттық өнімдердің кең өндірісін жолға қоя отырып, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік жағдайындағы бәсекелестікке төтеп беріп қана қоймай, бірегей өнім өндірушісі атануға болады дейді.