Отандық киноөндіріс саласының қарқынды дамуы әлемдік нарықтың қызығушылығын арттыруда. Халықаралық кино прокатта қазақстандық кино туындылардың қатары өсіп келеді. Жергілікті мамандардың еңбегі шетелдің ірі кинофестивалдері мен байқауларында танылып, сыншылардың жоғары бағасына ие болуда. Сала майталмандарының айтуынша, біздің өнім  бәсекеге қабілетті.

БЕНУА ЖИНИСТИ, КИНОПРОДЮСЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Кинопродюсерлер қауымдастығы халықаралық федерациясының қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастық орнатқанына 10 жылдың жүзі болды. Мақсат – қазақстандық киноөндіріс саласының дамуына үлес қосып, жергілікті туындыларды әлемдік нарыққа шығару. Қазақстандық мамандар шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуда үлкен белсенділік танытып жүр. Сондықтан біз халықаралық «Еуразия» фестивалін қолдауға бел будық. Қазақстанда өтетін дәстүрлі байқау отандық өнімді насихатайтын үлкен алаңға айналды.

Кинопродюсерлер қауымдастығы халықаралық федерациясы Орталық Азия кеңістігіндегі бірегей «Еуразия» кинофестивалін әлемдік деңгейдегі Веналық және Берлиндік байқаулармен қатар тіркегендігін айта кеткен жөн. Елорда төрінен XIV рет шымылдығын түретін кезекті кино сыны Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналмақ. Ұйымдастырушылар әлемдік кино нарығында жаңа есімдер пайда болатынына сенімді.   

ДЭН ВУЛМЕН, КИНОПРОДЮСЕР /ИЗРАИЛЬ/:

 - 12 жыл бұрын өзімнің туындымды ұсыну үшін Қазақстанға келгенім әлі есімде. Мен үшін аса маңызды ірі кинофестиваль болды. Франциядан әлемдік деңгейдегі әйгілі кино жұлдыз Катрин Денев арнайы қонақ ретінде келгені көз алдымда. Менің фильмімнің таныстырылымы әсем безендірілген үлкен залда өтті. Онда грекиялық Ангелополос сынды дүниежүзіне танымал режиссерлер болды. Фестивальдан алған әсерімді ұмыта алмаймын. Сол кездегі сезімге бөленіп, тағы бір осы байқауда бағымды сынап көруден үміттімін.   

«Еуразия» байқауы әлемнің үздік 35 кинофестивалінің топтамасына кіргенін ерекше атап өтуге болады. Биыл қазақстандық кинофорум Каннда қанат жайды. Бұл отандық киноөндіріс саласының халықаралық әріптестігін еселеп, отандық өнімнің әлемдік нарыққа шығуына жол салды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер