Парижде Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің концерті өтті - Kazakh TV

Ұлы дала әуені Парижде әуеледі. Беделді концерт залдарының бірі ГАВО-да Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Көрермендер арасында саяси қайраткерлер, академиялық және іскерлік орта өкілдері, халықаралық ұйымдар мен Париждегі дипломатиялық корпус қызметкерлері болды. Франциядағы көрермен қауым Құрманғазы, Дина, Ықылас, Түркеш, Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский сынды композиторлардың шығармаларын ұйып тыңдады.

АРМАН ЖҮДЕБАЕВ, Д. НҰРПЕЙІСОВА АТЫНДАҒЫ ОРКЕСТРДІҢ БАС ДИРИЖЕРІ:

 - Парижге келіп, осындай керемет қазақтың күйін дүбірлеткенімізге біз, әрине, қуаныштымыз! Біздің қазақ күйі шет мемлекеттердің төрінде шалқи берсін, шарықтай берсін!

АЛЬБЕР ФИШЛЕР, ПАРИЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Кеш маған ләззат сыйлады. Біз Құрманғазының күйлерін сүйсіне тыңдадық. Дирижердің арқасында ұлы даланың бар сұлулығын сезінте білген оркестр керемет! Әртістер көне аспап – қобыз бен домбыраның жоғары құдіретті екенін көрсете білді.

Сонымен қатар халық аспаптары оркестрі көрерменді әлемдік классика жауһарларымен де қуантты. Музыканттар Иоганн Штраус, Жорж Бизе мен Юбер Жироның туындыларын орындады.

ДАНИЭЛЬ УРБАН, КӨРЕРМЕН:

 - Маған бәрі ұнады. Шынымды айтсам, тек халық музыкасын тыңдайтын шығармын деп ойлағам, алайда концерт мен ойлағаннан да асып түсті: бұл – симфониялық фольклор болды! Мен XVIII-XIX ғасырдың классикалық музыкасын ұнатамын, бірақ бүгін Орталық Азияның симфониялық композициясы мен ырғақтарын тыңдау өте әсерлі болды.  

ТАБАРЕК ДОГУ, ПАРИЖДЕГІ ҚАЗАҚ ДИАСПОРЫСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Еуропаның төрінде, Парижде қазақтың ән күйі концерті өтіп жатыр, біз өте қуаныштамыз, керемет! Шетелде жүрген диаспораларға, қазақтарға аталмыш концерттер жиі өткізіліп тұрсыншы деген тілегіміз бар.

Қазақстандық артистердің концерті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет» жобасы аясында, Франциядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өтті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер