Қазақстандық жас композитор-пианист Кремльде өнер көрсетті

Қазақстандық жас композитор-пианист Кремльде өнер көрсетті

Ерекше орындаушылық қабілеті мен өзіндік талантына тәнті болғандар оны «Қазақтың Моцарты» деп атайды. Ол – әлемдегі ең жас композитор. Оның туындылары Оңтүстік Иллинойс университетінің оркестр мен фортепианоға арналған шығармалардың «Discography» Әлемдік қорының жинағына Бах, Моцарт, Гайдн шығармалары сынды әлемдік классикалық шедеврлерімен қатар енген. Бүгінде Рахат-Би Әбдісағынның есімі бүкіл әлемге танымал. «Ең жас композитор» деген атақ оған бала кезінен таңылған. 13 жасында студент атанып, 18 жасында магистрлік диссертациясын тамаша қорғап, өнертану ғылымының магистрі атанды.

РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒЫН, КОМПОЗИТОР:

 - Өз шығармамда музыканың кеңдігіне және уақыт ағымына үлкен мән беремін. Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Көштен қалмау үшін үнемі ізденісте болуамыз шарт. Үшінші мыңжылдықтың тілін түсінуге тиіспіз.

Рахат-Би – заманауи музыка орындаушылары мен композиторларының халықаралық академиясының ең жас қатысушысы. Ол – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының ең жас иегері. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ТМД парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» құрмет белгісімен небәрі 17 жасында марапатталған жалғыз мәдениет қайраткері.

Ол 100-ден астам музыкалық шығарма жазған. Соның ішінде кең ауқымды симфониялық және әртүрлі камералық шығармалар бар. Оның туындылары Азия мен Еуропа елдерінің беделді концерттік залдарында жиі орындалады. Шығармаларының әлемдік премьерасы Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Сеул, Анкара, Бергамо, Мәскеу қалаларында өтті. Рахат-Би Әбдісағын композитор ғана емес, сонымен қатар білгір пианист. Ол Пётр Ильич Чайковский атындағы II халықаралық жастар фестивалінде егеменді еліміз Қазақстанның мәдениет қайраткерлерін әлем жұртшылығына таныстыру мәртебесіне ие болды. Жуырда жас талант иесі Рахат-Би Әбдісағын Мемлекеттік Кремль сарайының Георгиев залында өнер көрсетті.

АНДРЕЙ ЩЕРБАК, П.И. ЧАЙКОВСКИЙ АТЫНДАҒЫ ҚОРДЫҢ БАСШЫСЫ:

- Негізі бұл жабық зал. Тек айрықша маңызға ие концерттер кезінде ғана ашылады. Фестивальді дәл осы залда өткізуге рұқсат алу үшін көп жүгірдік. Қазақстандық жігіттің талантына тәнті болдым. Алар асуы алда деп ойлаймын.

Ресей Президентінің симфониялық оркестрімен бірлесіп Рахат-Би  «Өмірге құштарлық» туындысын нақышына келтіре орындап шықты.

ЮРИЙ ТКАЧЕНКО,  П.И. ЧАЙКОВСКИЙ АТЫНДАҒЫ БАЙҚАУДЫҢ БАС ДИРИЖЕРІ:

 - Оның қолынан бәрі келеді. Менің ойымша, болашақта жас дарын Рахат-Би Әбдісағын дирижерлықты, орындаушылықты, композиторлық пен ұстаздықты бір бойына үйлестіре білген үлкен қайраткер болады. Оның тұла бойы талантқа толы.

Сонымен қатар Рахат-Би Әбдісағын Санкт-Петербург филармониясының Үлкен залында өнер көрсетті. Жергілікті көрермен назарына өзінің 3 туындысын ұсынды. Шетелдік сыншылар оны «қазақтың нағыз ғажайып құбылысы» деп атады. Дарынды музыкант жеткенін қанағат тұтпай, жаңа белестерді бағындыруды көздейді.