1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Бүгін – Халықаралық балалаларды қорғау күні. Дәстүр бойынша, көптеген елдердегідей Қазақстанда 1 маусымда бүлдіршіндерге арналған түрлі мерекелік іс-шаралар – көрмелер, концерттер, театр қойылымдары өткізіледі. Сондай қойылымдардың бірін елордалық балғындар тамашаламақ.

Этноауыл төрінде қазақтың «Алпамыс» эпосының желісімен қойылған театрландырылған цирк думаны көрсетіліп жатыр. Көрермендердің алдында күрделі акробатикалық амалдар мен би үйлесім тапқан екі сағаттық әсерлі бағдарлама ұсынылды. Спектакльді қазақстандық және Дю Солей циркінің артистері 1 жылға жуық уақыт бірлесіп дайындаған. Жаз бойы балалар ләззат алатын шоу ресейлік белгілі режиссер Сергей Козиннің жетекшілігімен қойылды.

СЕРГЕЙ КОЗИН, ҚОЙЫЛЫМ РЕЖИССЕРІ, РЕСЕЙ:

 - Бұл – қиын, әрі күрделі инженерлік жоба. Біз қойылымды Мәдениет министрлігімен бірлесіп қазан айынан бастап дайындадық. Спектакльде бірегей цирктік технологиялар пайдаланылып отыр. Сонымен қатар бұрын-соңды қойылмаған арнайы трюктер бар.

Ал Талдықорғанда 5 пен 10 жас аралығындағы 20 шақты бала облыстық «Асық ату» турнирінде шеберліктерін сынап көрді. Алғаш рет ұйымдастрылып отырған спорттық іс-шараға Жетісу өңірінің қала-аудандарынан балғын мергендер жиналды. Жарыс соңында жеңімпаздар көптеген бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл жарыстың дәстүрге айналатынына сеніммен қарайды.

ҚУАНДЫҚ ОМАРОВ, ЖАРЫС ТӨРЕШІСІ:

 - Бұл ептілікке үйретеді. Икемділік, шапшаңдық, тепе-теңдікті сақтау, яғни бір аяқпен тұрып дәлдеп ату, көздеп ату сынды іс-қимыл әрекеттерін қалыптастырады.

Айта кетейік, сондай-ақ балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында ел аумағында «Бақытты балалық шақ» акциясы өткізілді. Оның шеңберінде астаналық бүлдіршіндерге «Сарыарқа» велотрегіне саяхат ұйымдастырылды. Ол жерде балалар спорттық ойын-сауық бағдарламасына қатысып, белсенділерге естелік сыйлықтар табыс етілді.