Биыл қазақ тіліне дубляждалған 4 мультфильм жарық көреді

Биыл қазақ тіліне дубляждалған 4 мультфильм жарық көреді

Биыл қазақ тіліне дубляждалған голливудтық 4 мультфильмнің премьерасы болады. Сүйікті кейіпкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуі балалардың ана тілін жатық білуіне ықпал етеді, дейді мамандар.

ШАХ-МҰРАТ ОРДАБАЕВ, ШЕТЕЛДІК КИНОКАРТИНАЛАРДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ДУБЛЯЖДАУ РЕЖИССЕРІ:

- «Өрмекші адам» секілді танымал кейіпкер болса, олардың қазақ тілінде сөйлеуі қазақ тілді көрерменге, әсіресе бүлдіршінге өте қолайлы, өте ыңғайлы. Ал қазақ тілді емес көрерменге қазақ тілін оқып үйрену үшін мотивация, стимул.

Соңғы 7 жылда «Өзіңнен баста» жобасы аясында 23 голливудтық кинокартина қазақшаланған. Шетелдік озық туындыларды қазақша дубляждау мен отандық фильмдерге басымдық беру алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Кинотеатрларды табыс салығынан босату, отандық фильмдерге қосымша құн салығын салмау сынды мәселелер «Кинематография туралы» жаңа заңда шешімін табуы тиіс.

 БАҚТИЯР МӘКЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Кинотеатрларға жеңілдіктер берілу, яғни салықты алып тастау, бұл өте маңызды. Себебі көптеген біздің жас кинорежиссерлер өз киноларын түсірген кезде, бір жақсы көрініс беріп, ертең өзіне ақтап, өзінің пайыздық мөлшерін көтеретін болады. Кейбір кинолар ақтай алмай қалады да, ақшасын кинотеатрларға да, салыққа да жұмсайды.

Жаңа заң қабылданса, көрерменнің көңіл пернесін дөп басатын сапалы фильмдер көбейіп, отандық киногерлердің өнер өрісі кеңейеді, дейді мамандар. Қазақша дубляждалған фильмдер әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарға да қолжетімді болмақ.