Канн фестивалінде үздік актриса атанған Самал Есләмова

Канн фестивалінде үздік актриса атанған Самал Есләмова

Бастағанын аяқсыз қалдырмайтын табанды еңбекқорлық, өз ісіне деген асқан жауапкершілік пен ер мінездік. Бұл қазақстандық актриса Самал Есләмова жайында өз ойларымен бөліскен дос-жоралары мен әріптестерінің ортақ пікірі. Әйгілі Канн кино байқауын бағындырған қазақ қызы – Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы. Театр өнерін меңгерген бойжеткен шеберлігін Мәскеуде шыңдап, өнерін үлкен байқауда сынауға бел буды. 

САМАЛ ЕСЛЯМОВА, АКТРИСА:

 - Маған колледжді тәмамдаған соң жоғары білім алу қажет болды. Сондықтан Мәскеуде Қазақстанда оқып түйгенімді толықтырамын деген шешімге келдім. Кейін алған бағытымнан қайтпай өзімді сынау үшін Ресейге аттандым. Бағым жанып оқуға түсіп, кәсіп иесі атандым. Көп ұзамай Сергей Владимирович мені өз туындысына түсуге шақырды.    

Самал өз кейіпкерлерін сомдауға жан-тәнімен беріледі. Түсіру алаңында жұмысына толықтай ден қойып, физикалық мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып,  ішкі сезім толғанысын жеткізе біледі. Өз ісінің хас шеберінің бұл қасиеттері «Айка» атты картинада айқын көрініс тапқан. Туынды 71-ші Канн фестиваліне ұсынылып, Самал Есләмова үздік актриса жүлдесін иеленді. Фильм қыста түсірілгендіктен, бас кейіпкерге сағаттап қар үстінде жалаң аяқ ойнауға тура келіпті. Режиссер Сергей Дворцевой жас актриса қойылған талаптарды мінсіз орындап шыққанын айдады.

СЕРГЕЙ ДВОРЦЕВОЙ, ФИЛЬМ РЕЖИССЕРІ:

 - Қазақ топырағы осындай адамды дүниеге әкеліп, түлетті. Ішкі жан дүниесі өте мықты қыз. Ол бастаған ісін аяқсыз қалдырмай соңына дейін жеткізеді. Мен оның дарыны «Қызғалдақ» картинасында ғана емес, Канн байқауына ұсынылған «Айка» кинотуындысына жеткілікті болатынын о бастан білдім.

Қазақ қызының асқан шеберлігін әлемдік киноқауымдастық алғаш рет 2008 жылы таныды. Онда Самал дәл осы режиссердің «Қызғалдақ» атты еңбегіндегі басты рөлдердің бірін сомдаған еді. Ол картинада Канн кино фестивалінде ұсынылып, «Ерекше көзқарас» аталымында бас жүлдені жеңіп алған еді. Араға 10 жыл салып актриса халықаралық киносыншыларды өз өнерімен тәнті қылды. Бұл жолы «Айка» атты  психологиялық драма көпшіліктің ықыласын иеленді. Сюжет Мәскеу қаласында заңсыз тұрған қырғыз қызының қайғылы оқиғасын баяндайды. Бас кейіпкердің бейнесін ашу үшін Самал көрші елде біршама уақыт өмір сүріпті.

СЕРГЕЙ ДВОРЦЕВОЙ, ФИЛЬМ РЕЖИССЕРІ:

 - Бұл фильм дүниеге келу үшін ол үлкен жұмыс атқарды. Қырғыз еліне арнайы барып ондағы мемлекеттік тілді меңгерді, халықпен араласып ұлттық ерекшеліктерімен танысты.  

«Айка»  кинотуындысы алдағы күзде Қазақстан, Ресей, Германия, Польша мен Қытайда көрсетілетін болады.