Қазақстанда V рет KADEX-2018 халықаралық қару-жарақ көрмесі ашылды. Онда 30 мемлекет қорғаныс-өнеркәсіптік кешеніндегі соны үлгідегі 300-ден астам заманауи техникаларын ұсынды. Олардың қатарында әскери қауқары қуатты саналатын Бельгия, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Ресей, Испания және АҚШ мемлекеттері бар. Отандық қорғаныс саласы да еліміздің әскери әлеуеті әлем державаларынан еш кем түспейтінін танытты. Қазақстандық ұшақтар мен тікұшақтар, шынжыр табанды қалқанды көліктер байланыс жүйесі, роботқұрастыру мен ғарыштық технологиялар қалың жұртқа паш етілді.

АСЕТ ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, «ҚАЗАХСТАН ИНЖИНИРИНГ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Негізінен авиация, брондалған техника, барлау жұмыстарына арналған жүйелер мен зымырандық отын бағытындағы әскери жабдықтар. Экспорттың географиясын айтатын болсақ – ол Ресей Федерациясы, Монғолия, Өзбекстан. Қазір біздің өнімдерімізді көршілес Орталық Азия аумағындағы елдерге шығарудың мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз.  

ОЛЕГ БАРАШКОВ, ҚОЛДАНБАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /РЕСЕЙ/:

 - Біз KADEX-2018 көрмесіне барлау жұмыстарының кешенін, 83т215 байланыс қондырғысын алып келдік. Бұл жүйе бөлімшелерді автоматтық басқаруға арналған. Бөлімшемен байланыс орнатып, барлауға бағытталған қажетті ақпаратты жіберуде көмегі мол. Командир осы жүйе арқылы құрамның қай жерде екенін және денсаулықтарының жағдайын біліп отырады.

Мына мамандандырылған брондалған медициналық эвакуатор – қазақстандық өнім. Шынжыр табанды әскери көлік транспортері майдан даласында жараланғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін және оларды қауіпсіз аймаққа тасымалдау үшін пайдаланылады.

ЕРЖАН ҚАРИМОВ, «ҚИ 811 - АВТОЖӨНДЕУ ЗАУЫТЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Жаңғырту жұмыстары десанттық бөлімнің кеңейтілуіне қатысты жүргізілді. Сондай-ақ қосымша медициналық қондырғылар жабдықтау жағы жақсартылды. Жатқан күйінде 5, ал отырған қалыпта 8 жаралыны бірақ тасымалдай аламыз. Бұған қоса тепловизиялық қондырғысы бар 100 метрге дейін жететін жүкарба орнатылған. 

Айта кету керек, KADEX-2018 көрмесінде алғаш рет «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Онда отандық және әлемдік ғарыш жетістіктеріне арналған жеке павильон ұсынылған. Көрмеге 40-тан астам мемлекеттен келген ресми делегаттар қатысып жатыр. Шараның барысында 50-ден артық ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылады деп күтілуде. Бұл келісімдер жергілікті қорғаныс өнеркәсіптерінің шетелдік компаниялармен өзара әріптестік орнатуына жаңа дем бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер