25 мамыр күні Астанада «Жас қанат 2018» жас орындаушылар байқауы басталады

Реттік нөмірлер белгіленген саптыаяқтар қатысушылардың қолында. Демек, кезек анықталды. Мамырдың 25-і күні XVII республикалық «Жас қанат» жас орындаушылар байқауы басталмақ. Биыл оған 12 әнші қатысатын болады. Олардың біреуі жеңімпаз атанып, үйіне «алтын қанатпен» оралмақ. Бұл үшін сыннан сүрінбей өту керек. Ал талап әр жылдағыдай  қатал.

МҰРАТ ЕРҒАЛИЕВ, «ЖАС ҚАНАТ» БАЙҚАУЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ:

 - Біздің байқауға келетін әншілердің деңгейі кәсіби әншілерге жақын деп айтуға болады. Олар түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Қатысушылардың бәрі музыкалық мектептер, колледждер мен ЖОО-ның түлектері.  Бұл жылдың ерекшелігі осында. Ол барынша жасарды.

Биылғы байқаудағы ең жас үміткер алматылық Сымбат Сейілханова. Ол жуырда ғана 16 жасқа толыпты.

СЫМБАТ СЕЙІЛХАНОВА, БАЙҚАУҒА  ҚАТЫСУШЫ:

 - Өзімді түрлі жақтан көрсету үшін мен репертуарымды әр жақты қылып алдым. Бірінші турға «PreGomesh» әнін алдым, егер 2 турға өтіп жатсам «Something's Got a Hold on Me» деп аталатын ағылшын тіліндегі әнді орындаймын.

Астана, Петропавл, Тараз, Алматы, Қарағанды, Орал және Ақтөбе қалаларынан келген қатысушылар дәстүр бойынша ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Олар өз армандарын қағазға жазып, талмен бірге топыраққа көмді.  Дәл осы сәтте бәрінде бір арман болса керек. Ол – байқауда топ жару.