Kazakh TV: Жаңа эксклюзивті тележобалар

Жаһандық кеңістіктегі Қазақстанның заманауи өнері. «Kazakh TV» арнасынан көрсетілетін «Art Global» жобасы дарынды отандастарымыздың өнерін насихаттауға арналған. Жоба – әдебиет, театр, кино, дәстүрлі музыка, бейнелеу өнері салаларында қазақ мәдениетін танытып жүрген дарындар жайлы. Бүгінге дейін Венгрия, Испания, Франция, Австрия мен Ресейдегі өнер майталмандарының шығармашылығына арналған шығарылымдар жарық көрген. Енді Әзербайжан, Польша, Корея елдеріне ат басын бұру жоспарда бар. Бағдарлама  5 тілде жарық көреді. Жыл соңына дейін 40 фильм жасау көзделіп отыр.

ЗАРИНА МҰХАМЕДӘЛІ, «ART GLOBAL» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ, ПРОДЮСЕР:

 - Былтыр Қазақ драма театры Жапонияға гастрольмен барған болатын. Олардың өнерін тамашалаған жапониялықтардың көздеріне жас үйірілді. Мұндай дүниелерді көрсету керек деп ойлаймын. Мысалы, билеттің құны қолжетімді болғанына қарамастан,  «Астана Операдағы» премьераға бәріміз бара бермейміз. Ал дәл осы ұжымның шетелдегі қойылымдарында ине шаншар жер болмайды. Билет құны әлдеқайда жоғары. Біз кейде бардың қадірін білмей жатамыз.

Көрермен заманауи өнер әлеміне саяхатын «Modern art» бағдарламасымен жалғастыра алады. Жарқыраған қойылым, батыл перфоманс, қарама-қайшылыққа толы картина немесе қабырғадағы сурет. Мұның бәрі – заманауи өнер көрінісі, қазіргі заманғы суретшілердің тың көзқарасы. Бұл бағдарлама авторлары да биік мақсаттарды көздеп отыр.

СЕРІК АҚЫШЕВ, MODERN ART ЖОБАСЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ:

 - «Modern art» жобасы дер кезінде пайда болды деп есептеймін. Өйткені біздің заманауи өнерге әлемде қызығушылық зор. Kazakh TV арнасы шетелде ғана емес, Қазақстанда да танымал. Осының арқасында қазақстандықтарды өнер саласындағы жаңа есімдермен таныстырамыз. Өнер адамы үшін бұл өте маңызды деп ойлаймын.

Бұл жоба әр бейсенбіде көгілдір экран арқылы көрерменге жол тартады. Жалпы, айына 3 бағдарлама жарық көреді. Қазірге дейін көрермен суретшілер, мүсіншілер мен дизайнерлер жайлы шығарылымдарды тамашалады.