Қазақ киносы халықаралық Канн кинофестивалінде - Kazakh TV

Қазақстандық кинематографистердің  үздік туындылары  71 Халықаралық Канн кинофестивалінде. Əлемдік киноөнерінің майталмандарын жақұт жағалауында жинаған айтулы фестивальде «Қазақстанның ұлттық павильоны» келушілерді қабылдауда. Бұл – қазақ киносының бүгінгі ахуалы мен болашақтағы бет-алысын кеңінен таныстыратын бірегей алаң. Шығармашыл əрі креативті мамандармен келіссөздер де өнімді жүруде. Шетелдік беделді киноматографистер қазақстандық әріптестерімен бірлесе жұмыс істеуге əзір.

ВАЛЬТЕР КРОХМАЛ, КИНОПРОДЮСЕР, /АҚШ/:

 - Маған Қазақстан үкіметінің кинематография саласына ақылға қонымды инвестиция салатыны қатты әсер етті. Кино бар жерде тарих пен тарихи тұлғалар ұмытылмайды. Бүгін қазақ мақтан тұтатын елінің бай мәдениетін көрдік. Бұл – қазақстандық киноның бірегейлігін паш етіп тұрған фактор. Мен Қазақстанмен етене танысқым келеді. Сондықтан сіздердің туындыларыңыз үшін Нью-Йорктегі алаңымыздың есігі айқара ашық.

ФЛАВИО ДОНИНИ, КИНОПРОДЮСЕР, /ИТАЛИЯ/:

 - Қазақстан –  көптеген мүмкіндіктері бар, әсем де сəулетті мемлекет. Біз келесі киномызды Қазақ елінде түсіргіміз келеді. Сол себепті сіздердің киноиндустрияларыңыздан продюсер іздеп отырмыз. Біз оны осы жерде, яғни Италия павильонында күтеміз.

Айта кетейік, биыл фестивальдің «Ерекше көзқарас» бағдарламасында қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Ласковое безразличие мира» кинокартинасы көрсетілді.  Сондай-ақ жас режиссер Жаннат Алшанованың «Маусым соңы», Ольга Коротьконың «Жайлы қыс», Венера Кайыржанованың «Жасырынбақ», Берік Жахановтың «Асам» қысқаметражды кинокартинасы фестиваль бағдарламасына енді.  Ал қазақ киноөнерімен таныстыратын ұлттық павильон 19 мамыр, яғни фестивальдің соңғы күніне дейін келушілерге қызмет көрсетеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер