Қазақстаннан махаббатпен! Швейцарияның Женева қаласындағы Леман театрында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен танымал қазақстандық опера және эстрада әншілерінің концерті өтті. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

БАҒДАТ ТІЛЕГЕНОВ, «САЗГЕН САЗЫ» АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Қазақтың әнін, қазақтың күйін, қазақтың төл аспаптары – жетіген, саз сырнай, үскірік, сыбызғы, шерке сияқты аспаптарды Женева тұрғындарына, шетелдік қонақтарға таныстыруға әкеліп отырмыз. Біздің артистер қазақтың өнерін көрсетуге бар күшін салды.

ДАНА ОРМАНБАЕВА, КОНЦЕРТ ПРОДЮСЕРІ:

 - Джаз, эстрада жанрын ұлттық аспаптармен бірге үйлестіріп, тың дүние жасап шығардық. Концерттік бағдарламаның ерекшелігі де осында. Оны көп ойланбастан «Қазақстаннан махабатпен!» деп атадық. Өйткені бұл ұғымға бәрі сияды. Бұл шара елімізді танытып, Швейцариядағы достарымызды көбейте түсетініне сенеміз.

Әйгілі әнші Мирей Матьенің репертуарынан бірнеше әнді орындап берген Гүлнара Көшенованың өнері де көпшілікті сүйсінтті. Қазақ ұлттық аспаптарының үнін ұйып тыңдаған қалың көрермен опера және эстрада әншілерінің шеберлігіне тәнті болды.

СЕЦУКО КЛОССОВСКА ДЕ РОЛА, СУРЕТШІ, ЮНЕСКО-НЫҢ «БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ АРТИСТ» АТАҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ:

 - Қазақтың ұлттық әуендерін тыңдап, отантастардың, өзендердің, дархан даланың үнін естідім. Тіпті көзіме жас келді. Қазақ ұлтының әуезді әуендері табиғаттың барлық әсемдігін бере алады. Осындай керемет дәстүрі бар ел қандай бақытты да бай мемлекет деп іштей тамсандық.

КАРОЛИН ШОЙФЕЛЕ, ЗЕРГЕРЛІК ҮЙДІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

 - Музыканы жаным сүйеді. Бірақ осы жолғы опера мен дәстүрлі музыкадан құралған кештен үлкен әсер алдым. Әсіресе жас Данэлияның дауысы тамаша. Талабына нұр жауып, өнері үстем болсын деп тілегім келеді.

ЛЮДМИЛА ХИННЕН, ЖЕНЕВА ТҰРҒЫНЫ:

 - Артистердің әсем киімі, сахнадағы Қазақстанның көркем көріністері, кең байтақ дала. Бүгін Отаныммен қайта қауышқандай болдым.

Қазақ өнерімен байланыстыратын кездесулер одан әрі жалғасын табады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер