Таразда итальялық муран шынысының көрмесі өтті

Италия өнеріндегі қазақы нақыш. Әулиеата жерінде тұңғыш рет «Көне Тараз жаңғырығы. Еуразияның мәдени көпірлері» атты халықаралық көрме өтіп жатыр. Келушілер Италияның әйгілі шыны жасау шебері Пино Синьоретто және оның тәлімгерлерінің өнерлерін тамашалауға мүмкіндік алды. Шеберлер өз жұмыстарында қазақ халқының дәстүрлі элементтерін қолданған. Жалпы, көрменің Тараз жерінде ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Шаһардың өрлеу кезеңі болып саналатын ІХ-Х ғасырларда шыны өндірісі ерекше қолға алынып, бұйымдар Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропаға кеңінен тараған. Көрмеде муран шынысынан жасалған қызғалдақ пен біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда тігілген қызыл қамзол ерекше көзге түсті.

СВЕТЛАНА КОСТА, СУРЕТШІ, ИТАЛИЯ:

 - Қазақстан мәдениетіне деген ыстық сезім менің жүрегімде. Екі жұмысымды Астанаға арнадым. Біріншісі – Бәйтерек, екіншісі Астананың бар көркін жеткізетін сиқырлы түстер үйлесімі. Құмыралар мен 24 карат алтынмен өрнектелген бұйымдарды көруге болады.

ҚҰРАЛАЙ СҚАҚОВА, ИТАЛИЯ СУРЕТШІЛЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РЕСМИ ӨКІЛІ:

 - Технологиясы шынының ұнтағын қосып сурет салған кезде анау шыны 500 градустық пешке қойылады. Сол пештің ішінде жарты суткадай тұрғанда сурет шының ортасына кетіп қалған сияқты болып қалады. Сондықтан бұл шыныда салынған сурет өмір бақи тек қана сынып қалмаса өмір бақи суреті кетпейді.