Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты Ұлы Отан Соғысы жәдігерлерімен толыға түсті. Салмағы 250 грамдық мына қара нан – 900 күнге жалғасқан жау қыспағынан қайыспаған батыр қала ленинградтықтардың қайсарлығына дем берген бір күндік азығы. Ресейдегі Пискарёв мемориалды кешенінің өкілдері  қоршауда жүріп, тізе бүкпеген шаһардың қаһармандығынан сыр шертер тілсіз куәгерлері – фото материалдар мен құжаттарды елімізге табыстады. Олардың ішіндегі ең құндысы – қаланы жаудан азат етуде жанқиярлық ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгерлердің тізімі. Әзірге бауырластар зиратына жерленген 129 отандастарымыздың есімі белгілі болып отыр.

АЛЕКСЕЙ АНДРЕЕВ, «ПИСКАРЁВ» МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕНІНІҢ ӨКІЛІ /РФ/:

 - «Пискарев» мемориалды кешенінде 490 мыңға тарта адам жерленген. Бауырластар зиратында ленинградтықтармен қатар қаланы қорғау жолында шейіт болған өзгеде елдердің мыңдаған ержүрек жауынгерлерінің сүйегі жатыр. Бүгінде жер қойнауында қалған 366 мың адамның  кім екенін анықтаудың мүмкіндігі болмай тұр. Біздің басты мақсатымыз – отан үшін жаны жалманған батыр азаматтар жайында қандай да болсын мәлімет іздеп-тауып, есімдері мәңгілік сақталатын естелік кітап тізімін толықтыра түсу. Әрине олардың қатарында қазақстанедықтарда аз болмайтыны белгілі.

Бұл тарихи шайқаста өзге ұлттармен бірге табан тірескен қазақстандық жауынгерлердіңде ерлігі ерен. Еліміздің өжет азаматтарының құрметіне бауырластар зиратындағы «Даңқ аллеясында» мемор­иалды тақта орнатылды.Кескілескен ұрыстарда Қазақстанда жасақталған 310-шы, 314-атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсіп, Ленинград өңіріндегі 22 елді мекенді азат етуде қасық қаны қалғанша жаумен алысты. Ленинград үшін күрес шежіресінде қазақтың мерген қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Адамзат санасында қайғы-қасіретпен бірге ұлы ерліктің белгісіне айналған батыр қала халқына жыр алыбы Жам­былдың өзі «Ленинградтық өренім!» деп рух бергені белгілі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер